Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумы аясында бірқатар жоғары деңгейдегі кездесулер өткізіп, халықаралық әріптестермен өзекті мәселелерді талқылады. Форум Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенді ұстанымын тағы бір мәрте айқындаған маңызды алаңдардың бірі болды. Халықаралық қатынастар және экономикалық саясат сарапшысы Ерік Батырхановтың пікірінше, мұндай форматтағы кездесулердің басты құндылығы – жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін тікелей диалог алаңын қалыптастыруында. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстанның икемді әрі теңгерімді саясаты елге әртүрлі күш орталықтарымен тиімді байланыс орнатуға жол ашып отыр, деп жазады Egemen.kz.
Сарапшының бағалауынша, Анталия форумына қатысу тек имидждік қадам емес, нақты экономикалық және саяси мүмкіндіктерді ілгерілету құралы. Әсіресе логистика, инвестиция және өңірлік әріптестік бағыттарында Қазақстанның позициясын күшейтіп, оны жаһандық диалогтың белсенді қатысушысы ретінде бекіте түседі.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анталия дипломатиялық форумына қатысуы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін қалай арттыра алады?
– Бүгінде халықаралық бедел мәлімдемелермен емес, нақты геосаяси маңызды алаңдарда болумен қалыптасады. Анталия дипломатиялық форумы – дәл сондай, әртүрлі күш орталықтарының мүдделері тоғысатын кеңістік. Мұнда қатысудың өзі-ақ елдің мәртебесін айқындайды.
Қазақстанның ерекшелігі – оның бірде-бір блокқа қатаң тәуелді емес саясат ұстануында. Әлемдік саясаттағы поляризация күшейіп жатқан тұста бұл әлсіздік емес, керісінше, маңызды артықшылыққа айналып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай алаңдарға қатысу арқылы Қазақстанды әртүрлі тарап үшін түсінікті әрі болжамды серіктес ретінде бекіте түседі.
Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысты
Бұл жай ғана теориялық дипломатия емес. Қазақстанның нақты тәжірибесі бар. Мысалы, Астана процесі аясындағы Сирия бойынша келіссөздер елге сенім капиталын қалыптастырды. Мұндай форумдар сол сенімді сақтап қана қоймай, оны одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.
Ашық айтқанда, мұндай ұстаным өздігінен сақталмайды. Қазіргі кезеңде икемді сыртқы саясат жүргізетін мемлекеттер үшін бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктер кеңістігі ашылып отыр. Сонымен қатар бұл мүмкіндік мәңгі күтіп тұрмайды.
– Бұл форум Қазақстан үшін жаңа серіктестіктер орнатуға қандай мүмкіндіктер ашады?
– Мұндай форумдар жаңа таныстық орнату үшін емес, шешімдерге жедел қол жеткізу үшін қажет. Екі күннің ішінде ондаған кездесу өткізуге болады, ал дәстүрлі дипломатияда мұндай келіссөздерге айлар кетер еді.
Қазақстан үшін қазіргі негізгі бағыттардың бірі – логистиканы қайта құру. 2022 жылдан кейін дәстүрлі бағыттарды айналып өтетін маршруттарға қызығушылық күрт артты. Соның нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты жай идеядан нақты жұмыс істейтін құралға айналып, жүк тасымалының айтарлықтай өсуін көрсетті. Жаңа жеткізу тізбектеріне кірігу – жай протоколдық кездесулер емес, бұл нақты қаржы мен ұзақ мерзімді ықпал.
Сонымен қатар орта деңгейдегі державалармен байланыстарды нығайтуға мүмкіндік бар: Түркия, Парсы шығанағы елдері, Оңтүстік Азия. Дәл осы мемлекеттер қазір әріптестіктің жаңа үлгілерін белсенді іздестіріп жатыр, ал Қазақстан географиялық әрі саяси тұрғыдан бұл үдерісте қолайлы орында тұр.
– Режеп Тайип Ердоғанмен кездесу аясында екі ел ынтымақтастығының қай бағыттары жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін?
– Түркия бүгінде дербес күш орталығы ретінде қалыптасып, прагматикалық сыртқы саясат ұстанып отыр. Бұл белгілі бір деңгейде Қазақстан үшін қолайлы. Анкара артық идеологияға сүйенбей, икемді әрекет етеді.
Бірінші бағыт – логистика. Түркия өзін Еуропа мен Азия арасындағы хаб ретінде белсенді түрде танытуда, ал бұл жүйе Қазақстансыз толыққанды жұмыс істей алмайды. Мұнда екі елдің мүдделері табиғи түрде тоғысады.
Екінші бағыт – қорғаныс өнеркәсібі. Бұл жерде нақтылаған жөн: Қазақстан жай ғана сатып алуға емес, өндірісті жергіліктендіруге бет бұрып отыр. Baykar компаниясымен Қазақстан аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру жөніндегі келіссөздер, сондай-ақ Turkish Aerospace компаниясымен ANKA жобасы бойынша меморандум – жеткізілім келісімшарттарынан әлдеқайда жоғары деңгейдегі серіктестікті білдіреді.
Үшінші бағыт – нақты бизнес. Түркиялық компаниялар Қазақстанда құрылыс саласынан бастап өнеркәсіпке дейін белсенді әрі тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл тек қағаз жүзінде емес, шынайы жүзеге асып жатқан екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың сирек мысалдарының бірі.
Тоқаев: Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарау керек
Жалпы алғанда, дәл осындай жобалар елдер арасындағы қарым-қатынастың жаңа, анағұрлым кемел деңгейге көтерілгенін көрсетеді: енді әңгіме тек сауда туралы емес, бірлескен өндіріс пен технологиялар туралы болып отыр.
– Екіжақты кездесулерден қандай нақты саяси немесе экономикалық нәтижелер күтуге болады?
– Бір ғана сапардан үлкен серпіліс күтудің қажеті жоқ, дипломатия спринт емес. Мұндай кездесулердің құндылығы сол сәттегі нәтижеде емес, кейінгі үдерістердің жеделдеуінде. Дәл осындай байланыстар кедергілерді азайтып, қалыпты жағдайда жылдарға созылатын процестерді жылдамдатады.
Нақты тұрғыдан алғанда, тауар айналымы бойынша ілгерілеуді күтуге болады. 10 млрд доллар межесі алғаш рет айтылып отырған жоқ, әрі әрбір осындай байланыс оны нақты іске асыру тетіктеріне жақындата түседі. Сонымен қатар өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіру маңызды. Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс – бұл екі елдің де мүдделері мен ортақ тұстары бар бағыттар.
Кейде мұндай кездесулердің ең маңызды нәтижесі – қол қойылған құжат емес, үдерістерді жеделдетуге деген келісімнің өзі. Дипломатияда бұл көбіне нақты ілгерілеудің белгісі саналады.
– Мұндай халықаралық алаңдар қазақстандық бизнес пен инвестициялық жобаларды ілгерілетуге қалай әсер етеді?
– Бір заңдылық бар: соңғы жылдары Қазақстандағы көптеген инвестициялық жобалар дәл осындай бейресми байланыстардан бастау алған.
Инвесторлар ең қатты айтылатын жерге емес, ережелері түсінікті әрі тұрақты сақталатын ортаға келеді. Мұндай форумдар Қазақстанның осындай айқын әрі сенімді «ойын ережелерін» ұсына алатынын және оларды ұстанатынын көрсетуге мүмкіндік береді.
Практикалық қыры да маңызды: шешім қабылдайтын тұлғаларға тікелей қол жеткізу. Кәдімгі жағдайда бұл ірі бизнес үшін де оңай емес, ал мұнда бәрі бір кеңістікте, бейресми форматта жүзеге асады.
Тағы бір жиі еленбей қалатын жайт бар: жаһандық тұрақсыздық жағдайында ашықтықты сақтап, тез бейімделе алатын елдер ұтады. Қазақстан дәл осыны көрсетуге ұмтылып отыр, ал мұндай алаңдар бұл сигналды қажетті аудиторияға жеткізуге көмектеседі.
– Анталия форумына қатысу Қазақстанның жаһандық диалогтағы рөлін күшейтуге қандай серпін бере алады?
– Әлемдік жүйе қатаң екіполюсті құрылымнан алыстап, анағұрлым күрделі конфигурацияға өтуде. Мұнда гегемонияға ұмтылмайтын, бірақ икемді байланыстар құра алатын елдердің рөлі артып келеді. Қазақстан осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеп отыр.
Алайда бір нәрсені түсіну маңызды: мұндай рөлді жай жариялау жеткіліксіз, оны тұрақты түрде нақты істермен дәлелдеу қажет. Яғни, халықаралық алаңдарда белсенді қатысу, пікірталастарға араласу, нақты жауапкершілік алуға дайын болу маңызды. Астана процесі осының айқын мысалы болды. Ал, Анталия дипломатиялық форумы аясындағы қатысу – сол ұстанымның жалғасы.
Президент бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерді атады
Бүгінде Қазақстан тек жаһандық үдерістерге жауап беретін ел емес, оларды қалыптастыруға қатысатын мемлекет ретінде беделін қалыптастырып келеді. Бұл – ұзақ әрі күрделі жол. Бір ғана форум бұл жұмысты аяқтамайды, бірақ әрбір осындай қадам елдің ұстанымын нығайта түседі.
Ашық айтқанда, қазіргі міндет – жай қатысу емес, осы рөлде орнығу. Себебі халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасында мұндай орындар ұзақ уақыт бос тұрмайды.
-Әңгімеңізге, рахмет!
Соңғы жаңалықтар
«Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ашылды
Ғылым • Бүгін, 18:40
Таеквондошылар төртінші жүлдеге қол жеткізді
Спорт • Бүгін, 18:05
«Келешек мектептері» оқушылары арасында футзалдан республикалық турнир аяқталды
Келешек мектептері • Бүгін, 18:03
Қасым-Жомарт Тоқаев: БҰҰ превентивті дипломатияға баса назар аудару керек
Президент • Бүгін, 17:59
Президент бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерді атады
Президент • Бүгін, 17:48
Тоқаев: Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарау керек
Президент • Бүгін, 17:35
Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысты
Президент • Бүгін, 17:31
Қазақстан ұшу қауіпсіздігі деңгейі бойынша үздік 20 елдің қатарына енді
Қазақстан • Бүгін, 17:23
Елімізде 165 мың педагог ChatGPT Edu жүйесін қолданады
Жасанды интеллект • Бүгін, 17:15
Цементке сұраныс артты: Баға 13,7 пайызға қымбаттады
Экономика • Бүгін, 16:59
Маңғыстауда заңгерлер тұрғындарға тегін кеңес берді
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 16:40
Шығыс Қазақстан облысында үш экопарк салынады
Аймақтар • Бүгін, 16:32
Елімізде қызылша жұқтыру көрсеткіші 30%-ға төмендеді
Денсаулық • Бүгін, 16:20
Жазда жаңа халықаралық әуе бағыттары іске қосылады
Қоғам • Бүгін, 16:13
Каспий жағалауынан 100-ге жуық итбалықтың өлексесі табылды
Оқиға • Бүгін, 15:57