Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Ұлыбританияның танымал Radio Caroline радиостанциясы эфирде қателесіп, Король Карл III-нің қайтыс болғанын хабарлап жіберді. Оқиғаға техникалық ақау себеп болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әдеттегі хабар тарату уақытында радиостанция эфирі кенеттен үзіліп кеткен. Сәлден соң диктор салтанатты дауыспен монархтың дүниеден өткенін жариялап, артынша эфирде Ұлыбританияның «Құдай, Корольді сақта» атты мемлекеттік әнұраны ойнатылған. Әлеуметтік желіде бұл жағдайға таңғалысқан тыңдармандардың жазуынша, осы хабарламадан кейін радио толқынында 15 минутқа жуық уақыт бойы өлі тыныштық орнаған.
Көп ұзамай медиакомпания басшылығына осы қолайсыз жағдай үшін шұғыл түрде ақталуға тура келді. Radio Caroline директоры Питер Мур бұл жайтты бағдарламалық жүйенің қателігімен түсіндірді.
Радиостанция басшылығы не дейді?Анықталғандай, Ұлыбританияның барлық БАҚ-тарында корольдік отбасы мүшелері өмірден өткен жағдайда іске қосылатын арнайы хаттамалар мен алдын ала дайындалған аудиожазбалар болады. Техникалық қателіктің салдарынан автоматты жүйе бұл сценарийді уақытынан бұрын іске қосып жіберген.
«Бас студиямыздағы компьютерлік қателіктің кесірінен "Монархтың өлімі" атты шұғыл шара кездейсоқ белсендіріліп кетті. Ұлыбританияның барлық радиостанциялары бұл дайындықты өз қоржынында ұстайды, бірақ оны мүмкіндігінше ұзақ уақыт қолданбауды үміт етеді. Орын алған қолайсыздық үшін Жоғары Мәртебелі Корольден және барша тыңдармандарымыздан шын жүректен кешірім сұраймыз», — деп жазды Питер Мур радиостанцияның ресми Facebook парақшасында.
Букингем сарайы бұл оқиғаға қатысты әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Айта кетейік, Radio Caroline — кезінде заңсыз («қарақшылық») жұмыс істеген, ал қазіргі уақытта толықтай заңды форматқа өткен Ұлыбританиядағы ең көне әрі танымал радиостанциялардың бірі.
Бүгін, 10:22