Ақ халаттыға адалдық жарасады

17.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Мемлекетті бұл қадамға не итермеледі? Стоматологтардың дауы, лицензияны қаптатып алып, емдеумен айналыспайтын клиникалардың көбеюі, біліксіз косметологтардың кесірінен сұлулығын ойлаған жандардың мүгедек болып қалуы, салада кадр тапшылығының ары қарай ушығуы – тере берсе, түрткі болған себебі көп екен. Жаңа шара саланы түйткілден тазарта ала ма?

Сенім сынға түсті

Денсаулық сақтау жүйесіндегі бақылау және жауапкершілік мәселесі қайтадан күн тәртібіне шы­ғып, қоғам дабылына негіз бол­ды. Маңғыстау облыстық по­ли­ция департаментінің дерегінше, Ақтауда бала өлімінен кейін бала­лар хирургі қамауға алынды. Оған кәсіби міндетін тиісінше орын­да­мады деген күдік келтіріліп отыр. Полиция дерегінше, облыс­тық аурухананың дәрігерлері балаға диагноз қою және емдеу кезінде қателіктер жіберген. Науқастың жағдайы кенеттен нашарлаған соң, ол санавиациямен шұғыл түрде Алматыға жеткізілді. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жіге­ріне қарамастан, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмады: ол ауруханада көз жұмды.

– Комиссиялық сот-медици­налық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету ба­ры­сында кемшіліктерге жол беріл­гені анықталды. Ол асқыну­лардың туындауына әсер етуі мүмкін, – деп хабарлады полиция өкілдері.

Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатқанын, барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді шаралар жүргізілетінін жеткізді. Хирург 1 қазанда Қылмыстық кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталыпты: тергеу изоляторында отыр. Бұл қайғылы оқиға биылғы көктемде болған еді. Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанова 13 жастағы ұлының өлімі­не дәрігерлерді кінәлі деп айыпта­ды. Ананың сөзінше, медицина қызметкерлерінің қателігі салда­ры­нан жасөспірімнің халі нашар­лап, артынша қайтыс болды. Анасы айыптыларды жазалауды талап еткен соң, Денсаулық сақ-тау министрлігі балалар облыстық ауруханасында ауқымды тексеру жүргізді. Енді соның нәтижесінде прокуратура қылмыстық іс қоз­ға­ды. Бұл – әзірге күдік пен тергеу деректері: түпкілікті құқықтық бағаны тек сот береді.

Осындай оқиғалар аясында Ден­саулық сақтау министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге меди­циналық қызметті лицензия­лау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Негізгі өзге­ріс – медициналық қызметке бері­летін лицензияның мерзімін 5 жыл­мен ғана шектеу. 

Министрліктің Медициналық бақылау комитеті басқармасының басшысы Әсем Мергенбаеваның мәліметіне сәйкес, қолданыстағы талаптар бойынша лицензия мен оған қосымшалардың мерзімі еш шек­телмейді, «мәңгілікке» беріле­ді. Ұсынылған жаңа бастама бойын­ша медицина ұйымдары бел­гіленген талаптарға сәйкестігін әр бес жыл сайын қайта растауға тиіс болады.

Маманның түсіндіруінше, бұл өзгеріс лицензиялар тізілімін нақтылауға, шын мәнінде медици­налық қызмет көрсетпейтін ұйым­дарды есептен шығаруға және біліктілік талаптарына сай кел­мей­тін субъектілерді анықтауға бағытталған. Демек, құжаттың бол­уы ғана емес, сол құжатқа лай­ық­ты қызмет атқару да міндетке айналмақ. Лицензия бір рет алын­ған тұрақты рұқсат емес, тұрақты жауапкершіліктің өлшемі болуға тиіс.

Тәртіп түзелсе, ем түзелер

Заң жобасы меншік нысанына қарамастан, медициналық көмек көрсететін барлық денсаулық сақ­тау субъектілерін қамтиды. Мем­лекеттік аурухана да, жеке клиника да, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін косметолог те біліктілік талаптарын орындауға міндетті болмақ. Бұған дейін мерзімсіз ли­цензияны иеленіп алған ұйымдар да назардан тыс қалмайды: жаңа талап күшіне енген жағдайда олар­дың лицензиялары мен барлық қосымшалары тиісті заңнамалық актіге қол қойылған күннен бастап 6 ай ішінде қайта рәсімделуге тиіс.

«Жаңа 5 жылдық мерзімді есеп­теу дәл осы қайта рәсімдеу сәті­нен басталады. Яғни қолда­ныстағы лицензияның бұрын қа­шан алынғаны бес жылдық жаңа кезеңді есептеуге әсер ет­пейді. Заңнамалық өзгерістер күшіне енген күннен бастап 1 жыл өтпелі кезең белгіленеді. Мұндағы мақ-сат – медициналық ұйымдарды бір сәтте жұмыссыз қалдыру емес, бәріне ортақ тәртіпке кезең-кезеңімен көшу», – деп хабарлады ведомство.

Министрліктің пайымдау­ын­ша, қолданыстағы бақылау тетік­те­рі медициналық қызмет көрсе­ту­шілердің нақты жағдайын, жай-­күй­ін толық анықтауға жеткі­ліксіз. Қағаз жүзінде тіркелген субъ­ек­тілердің бәрі бірдей іс жүз­інде науқас қабылдамайды. Кейбір ұйымдардың лицензиясы бар бол­ға­нымен, тиісті үй-жайы, бей­ін­ді мамандары немесе меди­ци­на­лық жабдықтары болмай шы­ғып­­ты. Осындай олқылықтар айналып келгенде, халықтың мем­­лекеттік бақылаудың тиімді­лігіне деген күмәнін өршітеді. Ақ халат­тыларға қатысты әр дау-жан­жал өршіген сайын қазақстандық­тар әлеуметтік желіде бұл саланы бы­лық­ жайла­ғанын, тәртіптің жоқ­ты­ғын жазып жатады. Бұл сын әділетті.

Денсауминнің тұжырым­дау­ынша, қазіргі қолданыстағы «Рұқ­­сат­тар және хабарламалар туралы» заңы бойынша лицензия­ны мем­ле­кет тек 2 жағдайда ғана кері қайта­ра алады: лицензиаттың өз еркімен өтініш беруі арқылы не­ме­се тексеру нәтижесінде сот шешімімен. Басқаша айтқанда, ДСМ денсаулық сақтау жүйесінің үстінен қарайтын басты орган ре­тін­де заң бұзушылардың лицен­зиясын жедел түрде әрі өз бетінше тоқтата алмайды, тосқауыл қою қиындатылған.

Бұл адал емес медициналық ұйымдардың және дәрігерлердің бетімен кетуіне соқтырған. Мыса­лы, қоғам белсенділерінің шағым­дануынша, кейбірі «медициналық кітапша» сатады: содан үміткер­лерді дәрігерлері тексермейді, барлық мөрді тек ресепшндегі қыз қойып береді. 

Министрлік мәліметіне сәй­кес, соңғы 3 жылда лицензиялар­дың небәрі 3%-ы ерікті түрде қайта­рылған. Жауапкершілігін сезінгені, айыбын мойындағаны тым мардымсыз екенін осыдан байқауға болады. Бұл көрсеткіш жүйедегі тағы бір олқылықты паш етті: қызметін тоқтатқан ұйым құжатынан өздігінен бас тартпаса, ол тізілімде қала береді екен.

Министрлік реформаның тағы бір себебі ретінде мемлекеттік тап­сырыс алу кезіндегі заңсыздық қаупін атады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) ­жүйесі мен тегін медици­налық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қызмет көрсететін медұйымдар лицензиялық талаптарға сай болу­ға тиіс. Бірақ ведомствоның мәлі­метінше, кейбір жеткізушілер мемлекеттік тапсырыс алғаннан кейін мекенжайын өзгертіп, бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарламай­тын көрінеді. 

Салдарынан, жаңа ғимараты медициналық қызмет көрсетуге жарамсыз болуы, қажетті жабдық­тар мен бейінді дәрігерлердің бол­мауы мүмкін. Мәселен, сырқаттар мекенжайына сай тіркелген ем­хананың басқа шағынауданға, қала шетіне көшіп кеткеніне не­ме­се бейімделмеген өзге ғимарат­қа, тіпті жертөлеге ауысып алға­ны­на шағымданады екен. Бол­маса, лицензия алу үшін барлық дәрігер тобын жалдаған ұйымдар аты судан өтіп алған соң оның көбісін жұмысынан шығарады. 

Лайықты жағдай жасалмаған жерде ұсынылатын медкөмектің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру қиын. Сондықтан министрлік лицензия мерзімін шектеуді 3 мін­детпен байланыстырады: тізілімде тұрған медұйымдардың мәліметін өзектілендіру, лицензия арқылы заңсыз пайда табуға жол бермеу және азаматтардың сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек алу құқығын қорғау. Реформа көркем есептегі мәлімет пен шынайы ахуал арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс.

Жаза емес, нәтиже маңызды

Медициналық және фарма­цевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері 2025 жылы лицензиялау немесе рұқсат беру тәртібін бұзғаны үшін 232 жеке және заңды тұлғаға жалпы сомасы 41 миллион 81 мың теңге айыппұл салды. Салыстырғанда, 2024 жылы 143 айыппұлдың сома­сы 29 миллион 187 мың теңгені, 2023 жылы 81 айыппұлдың сомасы 17 миллион 922 мың теңгені құ­раған еді. Ендеше айыппұл саны да, оның жалпы сомасы да өскен. 

Бұл мемлекеттік бақылау әш­керелей алған бұзушылықтардың аз емесін көрсетеді. Әйткенмен, көрсеткіштердің өсуі құқықбұзу­шылықтың дәл осынша артқанын білдірмейді: тексерудің ауқымы мен анықтаудың тиімділігі де нә­ти­жеге әсер етеді. Сондықтан мә­­се­ленің шынайы ауқымын баға­лау үшін жазалау статистикасымен қатар, бұзушылықтардың себеп­тері мен қайталану жиілігі де маңызды.

Министрліктің дерегінше, нысанға бармай жүргізілген про­филактикалық бақылау 2025 жылы 199 субъектіге қатысты ұйымдастырылды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 90 ғана болған. Тек­се­рілген 199 субъектінің 137-сінде 384 бұзушылық анықталып, 248 ұсыным берілді. Оның 142-сі ғана орындалған. Бұл сандар талапты белгілеумен іс бітпейтінін аңғар­тады: бұзушылық анықталған соң оның түзетілуі де қатаң қадаға­ла­нуы қажет.

Қалай болғанда, бақылау әділ жүргізіліп, талаптар барлық меншік нысанындағы ұйымдарға бірдей қолданылғанда ғана жаңа тәртіптің қоғамдық пайдасы айқындалады. 

5 жылдық лицензиялауды енгізу тек 2028 жылдан басталады деп жоспарланған. Алдағы реформаның нәтижесі екі өлшеммен бағаланбақ: бір жағында – лицен­зия­ны қалқан еткен заңсыз схема­лардың жолын кесу, екінші жағын­да – адал меди­циналық ұйым­­дар­дың жұмысын негізсіз қиын­датпау. Тұтынушы мен мемлекет сапаға қатаң талап қоюға қақылы, ал медицина ұйымдары мен қызметкерлері сол талаптың әділ, айқын әрі орындалатын болу­ын күтуге құқылы.

Ақ халатты маманның лицен­зия­сы бес жыл сайын жаңаруы мүмкін. Бірақ пациенттің сенімі әр бес жылда бір рет емес, әр қа­был­дауда, әр диагнозда, әр емдік шешімде нығая түссе құп! Лицен­зиялау мерзімі өзгергенімен, меди­цинаның басты өлшемі өзгер­меуге тиіс: адам өмірі, кәсіби адалдық және қауіпсіз көмек басты орында болса игі. Реформа осы үш құндылықты қорғауға қызмет еткенде ғана ел игілігіне айналады.

Айхан ШӘРІП

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью