Ақ халаттыларға айрықша қолдау

20.06.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Сол тұрғыда саланы кадр­мен қамту мақ­са­тында 2023–2025 жыл­дарға арналған медицина қыз­­меткерлерін өңірге тарту жө­­ніндегі іс-шаралар жоспары жү­зе­ге асырылып жатыр. Жер­гі­лікті мәслихаттың шешіміне сәй­кес медицина қызметкерлеріне жұ­мыс орнына байланысты 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін біржолғы әлеуметтік қолдау көрсету көзделген.

2022 жылдан бері мемлекеттік медицина мекемелеріне жұмысқа орналасқан дәрігерлерге «Отбасы банкі» АҚ арқылы 5 пайыздық же­ңіл­детілген кредит беру бағ­дар­ламасы іске қосылды. Бағдар­­лама аясында биылға дейін 43 ме­дицина маманы тұрғын үймен қам­тылған. Былтыр медицина саласына жаңадан келген 31 маманға біржолғы әлеуметтік көмек берілді.

«Мемлекеттің басты құндылы­ғы­ның бірі – ұлттың денсаулығы. Сол себептен денсаулық сақтау жүйесіндегі мамандарға қолайлы жағдай көрсетуді қолға алып отыр­мыз. Біздің өңір әлеуметтік, ма­териалдық қолдау көрсету дең­гейі жөнінен республикада алдыңғы қатарға шықты. Әсіресе кадр тапшылығын азайтуға бағыт­талған бірқатар бағдарлама жүйелі түрде іске асырылып ке­леді. Нәтижесінде, кейінгі екі жылда маман тапшылығы екі есе­ге азайды. Былтыр ауылдарға жұмысқа барған медицина қыз­меткерлеріне 10 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы берілді. Мұның барлығы – халық денсаулығын сақтау мен медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған нәтижелі жұмыс», дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Әкімнің дерегіне сүйенсек, кейінгі екі жылда облыстық бюджет есебінен денсаулық сақтау саласының мамандарына 111 қызметтік пәтер сатып­ алынған. Енді жайлы баспанаға ие болғандар қатарын тағы 20 маман толықтырды. Оларға «Таң­шолпан» тұрғын үй кешенінен қызметтік пәтер кілті тапсырылды. Баспаналы болғандар арасында дәрігерлер, жедел жәрдем қызметінің диспетчерлері мен фельдшерлері бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің мәліметінше, биыл Атырау қаласы мен шалғай елді мекендерде бірқатар меди­циналық нысанның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Қазір жобалау-сметалық құжат­та­малар әзірленіп жатыр. Мәселен, мұнайлы шаһар маңындағы Сарыөзек, Бірлік, Тасқала ауыл­дық округтерінде дәрігерлік амбу­­латориялар салу көз­делген. Құрманғазы ауда­нындағы Жұмекен, Жыланды, Үштаған, Сафон, Бірлік ауылдарында, Жылыой ауданының Тұрғызба ауылында да жаңа нысандар бой көтереді. Құлсары қаласындағы Теміржолшылар, Оңтүстік әуежай, Болашақ шағын аудандарында төрт амбу­латорияның құрылысы басталады. Сондай-ақ Қызылқоға ауда­нындағы Тасшағыл, Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында дәрігерлік амбулатория салу жос­парланып отыр.

«Бұл нысандар өңірдегі меди­циналық инфрақұрылымды жаң­ғыртады. Ауылдар мен қала­да медициналық қызметтің қол­жетімділігін жақсартып, сапасын арттыруға мүмкіндік береді», дейді Қ.Абдалиев.

Атырау қаласындағы Өркен, Нұрсая шағын аудандарында екі емхана құрылысы салынып жатыр. Бір ауысымда 250 пациентті қабылдайтыны жоспарланған жаңа емханаларда кең ауқымды медициналық қызмет көрсетіледі. Заманауи диагностикалық бөлім ашу қарастырылып отыр.

Атырау облысы   

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью