Ақ сәулем әнінің тарихы: түпнұсқа мәтіні, авторы және композитордың тағдыры

24.07.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Бұл ән бірнеше рет хитке айналды: алдымен 70-жылдары, кейін 90-жылдары және 2000-жылдардың басында.

Ал осыдан бірнеше жыл бұрын YouTube-те миллиондаған қаралым жинап, қайтадан трендке енді. Бұл - "Ақ сәулем" әні. Оны білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Бірақ жыл өте келе ән мәтінінің айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын көбі біле бермейді. Тіпті қазіргі айтылып жүрген әуені де 70-жылдары шырқалған нұсқадан әлдеқайда өзгеше.

Tengrinews.kz тілшілері осы туындының авторы Амангелді Ыдырысовпен танысып қайтты. Ол қазақстандықтардың "Ақ сәулемді" түпнұсқада айтқанын армандайды. Автордың пайымдауынша, әннің алғашқы нұсқасы мағыналық жағынан әлдеқайда күрделі әрі терең. Амангелді Шәкенұлы өзі туралы, әннің шығу тарихы және жақында ғана алған авторлық құқығы жайлы әңгімелеп берді.

Ядролық полигон маңындағы балалық шақ: велосипед орнына гармонь

Амангелді Ыдырысов Павлодар облысында дүниеге келген. Біз сұхбат басында осы жайтқа ерекше тоқталдық:

- Павлодар өңірінен Мария Мудряк, Роза Мұқатаева, Скриптонит, сондай-ақ Иманбек сияқты танымал орындаушылар мен композиторлар шыққан. Қалай ойлайсыз, бұл өлке неге мұндай таланттарға бай?

- Оны тіпті білмейді екенмін, - деп ойға батты Амангелді Ыдырысов. - Бәлкім, бізде Ертіс өзені мен қалың орман болғандықтан болар, олар табиғат үнімен үйлесімде өсті ғой.

ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР

ІІМ егде жастағы жүргізушілер үшін маңызды мәлімдеме жасады

Бүгін 09:22 1

Алайда автордың өзі бала кезінде тек өзен сыңғыры мен жапырақ сыбдырын ғана емес, басқа да дыбыстарды естіп өскені белгілі болды.

"Мен 1947 жылы полигон орналасқан Май ауданында тудым. Екі жасқа да толмаған кезімде жарылыстар (ядролық сынақтар - ред. ескертпесі) басталды. Курчатов қаласы жақын болатын. Дайындалып жатқан ядролық жарылыс туралы бізге қалай хабар бергендері әлі есімде. Біз окоптарға тығылатынбыз. "Жарылыс жаққа қарамаңдар" дейтін. Бірақ біз баламыз ғой, бәрі қызық көрінетін. Жарылыс кезінде үйлердің терезелері мен есіктері ұшып кететін. Бірақ көп ұзамай әскерилер келіп, бәрін қалпына келтіріп беретін", - деп еске алады Амангелді Шәкенұлы.

Ол отбасындағы 14 баланың үлкені болған. Әкесі - балықшы, анасы - үй шаруасындағы әйел, әрі балық сақтайтын қоймада жұмыс істеген. Бірақ ол, сол кездегі қазақ дәстүрі бойынша, тұңғыш бала болғандықтан атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген.

Амангелді Ыдырысов. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

Амангелді музыкаға бала кезінен құмар болған. Ол өміріндегі бір қызықты әрі ғибратты жайтты еске алды:

"Бүкіл ауылда бір ғана балада велосипед болатын. Мен де үнемі велосипед алып берулерін сұрайтынмын. Бірде аудан орталығындағы дүкенге барғанда, маған велосипед таңдауға рұқсат берді. Бірақ сол жерде мен кенет гармоньды көріп қалдым. Сосын: "Маған велосипед керек емес, гармонь алып беріңіздерші", - дедім. Осылайша үйге алғашқы музыкалық аспабыммен оралдым. Соны тартуды өз бетімше үйрендім".

Гармоньнан кейін баянға кезек келді. Жас Амангелді оны сығандардан көріп, дыбысына тамсанғаны соншалық, өзіне де сондай аспап сұрайды. Әжесі оны тігін машинасына айырбастап алып береді.

"Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән айта бастадым, тоғызыншы сыныптан бастап музыка шығардым. Негізінен өлеңдерге ән жазатынмын. Кімде-кім маған өлең алып келсе, егер сөздері ұнаса, бірден отырып ән шығаратынмын. Бәрі осылай басталды", - дейді Амангелді Шәкенұлы.

"Ақ сәулем" және оқуды аяқтауға жасалған үш талпыныс

Мектеп бітіргеннен кейін жас Амангелді достарымен бірге Алматыға оқуға аттанады. Музыкаға деген махаббатына қарамастан, кейіпкеріміз геолог мамандығын таңдағысы келген.

"Маған ол кезде де, қазір де іздеу, зерттеу, жаңа бірдеңе табу ұнайтын, сондықтан геолог болғым келді, бірақ оқуға түсе алмадым, - деп еске алады ол. - Ауылға қайтуға ұялдым. Музыка училищесіне студенттер жетпей жатыр екен дегенді естіп, достарыммен сонда бардық. Мен бірден өттім, ал екі досымды дайындық курсына жіберді. Кейін оларға ұнамай, кетіп қалды. Ал мен қалдым. Дирижер-хоршы мамандығында оқыдым".

Суретте: Марат, Әлішер және Амангелді Алматыдағы Чайковский атындағы училищеде, 1967 жыл. Фотоны Амангелді Ыдырысов ұсынды

Алайда Амангелдіге оқуын аяқтап, диплом алудың сәті түспеді. Ол бірнеше рет талпынып көрген, бірақ алдымен бірінші курстан кейін әскерге шақырылады.

"Әскерге кетер алдында бір композитор мені тыңдап көріп: "Сенің өз стилің бар, бойыңда бір нәрсе бары байқалады, бірақ сен әлі оны дамытпағансың", - деді, - деп әңгімелейді Амангелді Шәкенұлы. - Ол маған әскерде жүргенде қандай әдебиеттер оқу керек екенін, қазақ фольклорлық музыкасын, сольфеджионы зерттеу қажет екенін айтты. Мен солай жасадым. Екі жыл бойы әскерде - теңізші болып жүріп - осының бәрін зерттедім. Оралған соң бұрын жазған әндеріме басқаша көзқараспен қарадым. Тіпті кейбіреулері балаң болып көрінгенінен аздап ұялдым да".

Амангелді Ыдырысов екі мәрте Қызыл Тулы Балтық флотында қызмет еткен кезінде, Калининград облысы, 1968 жыл. Жеке архивтен алынған сурет

Әскерден оралған соң Амангелді алдымен оқуын сырттай жалғастырады - оған үйіне қайтып, жұмыс тауып, үлкен отбасына көмектесу керек еді. Соңында ол училищеден құжаттарын алып кетті. Кейінірек оқуын қайта жалғастырғанымен, өкінішке қарай, аяқтаудың сәті түспеді. Төртінші курста Амангелді Шәкенұлы тағы да училищеден құжаттарын алған.

Кейін ол Павлодар облысындағы ауылдық Мәдениет үйінде жұмыс істейді. Дәл осы жерде 1970 жылы Қазақстанның болашақ хиті - "Ақ сәулем" әні дүниеге келеді.

"Біз Мәдениет үйінде көркемөнерпаздар байқауына дайындалып жатқанбыз, қасымызға жергілікті газеттің тілшісі Серік Мұхтаров келіп, "Ақ сәулем" атты өлеңін алып келді, - дейді композитор оқиғаның қалай болғанын еске алып. - Бір түннің ішінде екеуміз осы өлеңге ән жаздық. Сөздері маған қатты ұнады, сондықтан шығармашылық процесс жеңіл жүрді. Қайырма мен шумақ арасындағы әйгілі "ай-яй-яй-яй-яй" деген жалғауды да екеуміз ойлап таптық. Содан кейін шағын ансамблімізбен оны бірнеше күнде үйреніп, дұрыстап дайындалып, байқауда орындап шықтық. Ән бәріне қатты ұнады, кейін оны басқа мықты ансамбльдерге берді, олар бұл туындыны қалаларға таратып, айтып жүрді".

Сол 1970 жылы ән түрлі орындаушылар мен ансамбльдердің репертуарында Алматы, Павлодар және Семей қалаларына гастрольдік сапармен таралды. Оны тіпті Ресейдің Омбы облысындағы қазақ ауылдарында да шырқады. Амангелді Шәкенұлының өзі де бұл әнді тойларда, концерттерде, дискотекаларда және достар арасында жиі орындайтын.

"Ақ сәулемнің" түпнұсқа мәтіні: оның қазіргі нұсқадан айырмашылығы неде?

90-жылдары "Ақ сәулем" қайтадан танымал болды. Ол көбінесе той-томалақтар мен туған күндерде айтылатын. Бірақ жылдар бойы түрлі адамдардың орындауында ән айтарлықтай өзгеріске ұшырған. Қазіргі уақытта бұл ән әлеуметтік желілерде тренд болар еді, бірақ ол кезде мұндай технологиялар болмағандықтан, адамдар оны қалай естіп, есте сақтаса, солай айта берді. Сондықтан мәтіні мен композициясы жеңілдетілген, деп түсіндіреді сұхбаттасушымыз:

"Мұндай өзгерістер "бұзылған телефон" ойыны секілді туындаған. Бірде мен бір тойда әннің түпнұсқасын айтқан едім, сол жерде бір журналист болыпты. Кейін ол газетке "Ақ сәулем" әнінің авторы табылды" деген тақырыппен мақала жазды".

Осыдан кейін Амангелді Шәкенұлы бізге "Ақ сәулем" деп аталатын әндер жинағын көрсетті. Оның ішінде әлгі түпнұсқа сөздер жазылған.

"Ақ сәулем" әндер жинағы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

"Кімде-кім әннің түпнұсқасын естісе, ол оларға көбірек ұнайды, - деп сендірді композитор. - Өйткені ондағы сөздер күрделірек, мағынасы терең. Жақында мен бұл әнге авторлық құқықтарымды тіркедім. Бірақ бірден айта кетейін, менің мақсатым - бұл ән арқылы ақша табу емес. Одан ешқандай қаражат алмаймын. Менің мақсатым - қазақстандықтардың ақыры түпнұсқа әнді естіп, дәл соны ұнатуы. Оның халықтың көңілінен шығатынына сенімдімін".

Бірақ бұл міндет, композитордың пікірінше, айтарлықтай қиын. Егер YouTube-тегі іздеу жолағына "Ақ сәулем" деп жазсаңыз, түрлі әншілердің орындауындағы көптеген бейнероликтерді көруге болады. Қаралым саны өте жоғары: бірнеше мыңнан бастап, бір роликтің өзінде 13 миллионға дейін жетеді. Бірақ барлық жерде - өзгертілген мәтін мен басқаша әуен.

Мәселен, бұл әннің түпнұсқасы 90-жылдардың басында Амангелді Ыдырысовтың шығармашылық кешінде қалай шырқалғанын тыңдап көріңіз. Сахнада Рая Дұғалованы да байқауға болады (күлгін көйлекте) - ол "Кешью" тобының бұрынғы мүшесі, қазақстандық әнші Жанар Дұғалованың анасы.

Ал мына жазбадан әннің түпнұсқасын сапалы нұсқада тыңдауға болады:

"Ақ сәулем" әнінің түпнұсқа нұсқасы

Түпнұсқа мен заманауи нұсқаларды өзара салыстыру да қызықты:

"Ақ сәулемнің" түпнұсқа нұсқасында - бұл бейнелі махаббат сезімін білдіру. Лирикалық кейіпкер сүйіктісіне оны көктемге, аппақ таңға, тәтті әнге және бақыт құсына теңей отырып тіл қатады. Ол сүйіктісінің бұрымын өрген жел болатынын, ай сәулесінде оның жанарына сүйсінетінін айтады және оның күлкісі өзіне ұзақ күндер бойы күш-қуат беретінін жеткізеді. Бірақ мұндағы сағыныш мұңды емес, нәзік естіледі: кейіпкер сүйіктісін аңсайды, ол мұңайғанда көктемге де қуанбайды, оның жанарына қайта-қайта телміреді. Бүгінде ең көп таралған нұсқада мағына мүлдем басқа. Онда өмірдің қаталдығы мен ауыр әрі жанға батқан алғашқы махаббат туралы айтылады. Жаңа ғана 18 жасқа толған бойжеткен қайыңды құшақтап жылап, енді бақытын кімнен сұрарын білмей дал болады. Ал қайырмасында кейіпкер оған "жақсы бір ән" болуды ұсынады. Танымал ән мәтіндері сайттар мен YouTube-тегі заманауи нұсқаның ресми жарияланымдарында дәл осы мәтін келтірілген.

Негізінде, алғашқы әннен тек әуені, атауы және "Ақ сәулем" деген арнауы ғана қалған, ал шумақтары, сюжеті мен эмоционалдық көңіл-күйі мүлдем өзгеріп кеткен. Түпнұсқада бұл - ер адамның сүйіктісіне арнаған, көктем мен табиғат бейнелеріне толы поэтикалық үндеуі. Ал тыңдарманға үйреншікті нұсқада - алғашқы махаббаттың сәтсіздігі, жас қыздың көз жасы мен тауқыметі туралы оқиға. Бұл жекелеген жолдардың аздап өзгеруі емес, таныс әуенге салынған іс жүзінде жаңа мәтін болып шыққан.

Естеріңізге сала кетейік, түпнұсқа сөздердің авторы - Серік Мұхтаров. Кейіннен ол Амангелді Ыдырысовпен ең жақын дос болып кеткен. Жиі кездесіп, тіпті бірге сахнаға шыққан кездері де болған.

Серік Мұхтаров осыдан екі жыл бұрын дүниеден озды. Ол өз кітабын шығарып үлгермеді. Есесіне Амангелді Шәкенұлының жинағында досының өлеңдеріне жазылған көптеген ноталар бар.

Амангелді Ыдырысов ең жақын досы әрі "Ақ сәулем" әні сөзінің авторы Серік Мұхтаровпен бірге. Фото Амангелді Ыдырысовтың жинағынан алынды

"Серік "Ақ сәулем" өлеңін кімге арнағанын ешкімге айтпады, талай адам, соның ішінде мен де сұраған едім", - дейді композитор.

Жұбайы Бақыт және отбасы: үш қызы мен музыкант немересі

Ыдырысовтың өмірлік махаббаты - Бақыт. Олар 7-сыныптан бері таныс, бір ауданда өскен. Ол алдымен Алматыға оқуға кетіп, содан кейін әскерге аттанса да, Бақыт оны күтіп алған.

Амангелді мен Бақыт Ыдырысовтар, 1970 жыл. Жеке архивтен алынған

"1970 жылы үйлендік, ал 1971 жылы тұңғыш қызымыз дүниеге келді".

Ерлі-зайыпты үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бірақ олардың ешқайсы өмірін музыкамен байланыстырмады.

"Ал тұңғыш немерем Әзизаның есту қабілеті керемет, - дейді мақтанышпен Амангелді Шәкенұлы. - Оны Астанаға оқуға түсіруге алып келгенімізде, емтиханға бірге кіргізбеді. Өзін ғана жіберді. Сол жерде ол атасының композитор екенін айтып, бірнеше шығарма орындап беріпті. Оны университетке қуана-қуана қабылдады. Қазір ол сол жерде дәріс береді. Өзі өте талантты қобызшы. Шөберем де музыка саласын таңдап, Музыка академиясында білім алып жатыр".

Амангелді мен Бақыт Ыдырысовтар немересі Сұлтанмен бірге. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

Амангелді Шәкенұлының өзі арнайы білім алмаса да, бүкіл ғұмырында музыканы кәсіп емес, көбіне сүйікті ісі (хобби) ретінде серік етті. Бірақ шығарма жазуды ешқашан тоқтатқан емес. Сонымен қатар ол Павлодар телевизиясында еңбек етіп, нәпақасын тапқан.

"Телевизиядан кейін зауытқа жұмысқа ауыстым, онда жақсы ақша төлейтін, отбасын асырау керек болды, - деп еске алады композитор. - Одақ тарағаннан кейін туған ауылыма оралып, Мәдениет үйінде жұмыс істедім. Сол жерден зейнетке шықтым. Кейін Астанаға көшіп келдік. Ол кезде немерем университетте оқып жүрген еді, әрі ауылдағы жер үйде тұру бізге қиынға соға бастады".

Бұл жерде бір жайтты атап өткен жөн: Амангелді Шәкенұлы 79 жаста болса да және "жер үйде тұру қиын" десе де, ешқашан қол қусырып отырмайды. Велосипед тебеді, шағын шеберханасында домбыра жасайды, шығармашылықпен айналысады.

"Егер сұхбат болмаса, қазір де айналысатын іс табар едім, үйде отырмаймын, - деп жымияды ол. - Осында көшіп келгенде бірден жидек теретін, балық аулайтын жерлерді тауып алдым. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барамын, ансамбльдің мүшесімін. Музыканы жаны сүйетіндердің басын қосып, аудандар мен өзге облыстарға өнер көрсетуге барамыз. Таңертеңнен кешке дейін үйде болмаймын. Жұбайым: "Сен совет үкіметі кезінде қазіргідей жұмыс істеген жоқсың" деп әзілдейді".

"Замандас" және "Есіл-Нұра" ансамбльдері, 2025 жыл. Фотоны Амангелді Ыдырысов ұсынды

Амангелді Шәкенұлы қазіргі уақытта жастық шағында істеп үлгермеген істерін жүзеге асыруға тырысып, өткеннің орнын толтырып жүргендей сезінетінін айтады.

- Ән шығарамыз, оларды орындап жүрміз, халық танып жатыр, бұл өте жағымды, - дейді ол.

- Ал "Ақ сәулем" әнін орындайсыздар ма? - деп сұрадық біз.

- Әрине, - деп жауап берді композитор. - Ансамблімізді шетелге де өнер көрсетуге шақырады. Бірақ бізде ондай қаражат жоқ. Демеушілер керек, ал оларды табу оңай емес.

- Өзіңізді бақытты адаммын деп айта аласыз ба?

- Әрине, - деп кідірместен жауап берді ол.

- Неге? - деп нақтыладық біз.

- Жазғым келген әндерді жаздым. Адамдар айтса екен деп едім - ақырындап айтып жүр. Көктөбе, Баянауыл ауылдарының мәдениет үйлерінде шырқалып жүр. Көптеген ән жаздым, бірақ ешкімге ұсынбадым, өзім айтамын. Тағы бір ән жинағын басып шығаруды жоспарлап отырмын. "Ақ сәулем" әнінің түпнұсқасын көбірек адам естіп, дәл осы нұсқасын айта бастаса екен деймін. Бәлкім, танымал әртістердің бірі дәл осы әнді шырқап, ол танымал болып кетер.

Авторы: Иван Сухоруков

Аударған: Дина Шәріпхан

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью