Ақ жол партиясы Өнер музейінің ұжымымен кездесті

07.08.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

«Ақ жол» демократиялық партиясының Астана қалалық сайлауалды штабы Өнер музейінің ұжымымен кездесу өткізді. Мекеме қызметкерлері алдында Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ғани Хамзин мен Мейрамгүл Қабдығалиева сөз сөйледі, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мейрамгүл Қабдығалиева жиналғандарға партияның құрылу тарихы мен заң шығару бастамалары туралы айтып берді. Сондай-ақ ол сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын – ипотеканы субсидиялау, Салық кодексін реформалау және кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелерін таныстырды.

Өз кезегінде Ғани Хамзин бағдарламадағы «Демократия және парламентаризм» бөліміне кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, әділ сайлау – халық билігінің алтын діңгегі. Осы орайда «Ақ жол» партиясының сайлау жүйесіне түбегейлі реформа ұсынып отыр.

Атап айтқанда, дауыс беру күні учаскелердегі барлық процесті бейнебақылауға алу және дауыс санау кезінде әрбір бюллетеньді камераға ашық көрсету қажет. Бұл қадам бүкіл елге сайлау барысын бақылауға мүмкіндік беріп, нәтижеге деген қоғам сенімін арттырмақ.

Бұдан бөлек, Хамзин парламенттік тергеу институтын заң деңгейінде бекіту және Үкімет резервінің үлгісімен Парламенттің арнайы қаржылық резервін құру бастамаларын алға тартты. Мұндай тетіктер Құрылтайға бюрократиялық кедергілерді күтпей-ақ, сайлаушылардың өзекті мәселелерін жедел шешуге жол ашады.

«Бұл шаралардың барлығы билікті барынша ашық, халық алдында есеп беретін және қоғам мүддесіне қызмет ететін институтқа айналдыруды көздейді», – деп атап өтті Ғани Хамзин.

Еркін пікіралмасу форматында өткен кездесуде кандидаттар музей қызметкерлерінің сауалдарына жауап беріп, оларды толғандырған түйткілдерге құлақ асты. Сондай-ақ Құрылтайға өткен жағдайда партияның аталған бағыттардағы жүйелі жұмысты жалғастыратыны айтылды. Жиын соңында «Ақ жол» өкілдері қатысушыларды 23 тамыз күні өтетін сайлауда белсенділік танытып, дауыс беруге шақырды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью