Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
«Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде өткен жиынға сайланған 170 делегаттың 165-і қатысты. Оның ішінде 50-і офлайн, ал 115-і онлайн форматта қосылды. Жиын барысында партия Жарғысына өзгерістер енгізу, «Ақ жолдың» саяси бағдарламасын жаңарту және бірқатар ұйымдастырушылық мәселе қаралды.
Съезд бірауыздан Берік Дүйсембинов төрағалық ететін мандат комиссиясының құрамын бекітті. Комиссия құрамына партияның Орталық аппаратының басшысы Асылхан Қожахметов пен партияның заң қызметінің жетекшісі Рустам Жұмағалиев енді.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев жаңартылған Конституцияның талаптарына сәйкес партияның ішкі нормалары мен терминологиясын үйлестіруге бағытталған Жарғыға түзетулер пакеті дайындалғанын хабарлады.
Талқылау барысында партия Құрылтайда да, халықпен тікелей жұмыс істейтін жергілікті мәслихаттарда да өкілеттілігін күшейту бағытында жұмысын жалғастыратыны аталып өтті. Ал партия төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева саяси ұйым бағдарламасындағы өңірлік кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейтуді ұсынды.
– Өңірлерде кәсіпкерлікті қорғау мәселесіне қатысты жиі кездесетін түйткіл бар. Олардың кейбірін заңнамалық деңгейде шешуге болады, алайда көптеген жағдайда мәселе заңда емес, оның әр аймақта әртүрлі қолданылуында. Бұл кәсіпкерлік белсенділік пен инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп жатыр. Екіншіден, әйел кәсіпкерлерді қолдау бағытын күшейткен жөн. Елде қыз-келіншектерге, әсіресе ауылдық жерлерде бизнес бастау әлдеқайда қиын. Оларды қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру қажет. Үшіншіден, әлеуметтік кәсіпкерлерге де ерекше назар аудару керек. Бұған қатысты заң қабылданғанымен, оны іске асыруға арналған нақты бағдарламалық ынталандыру жеткіліксіз, – дей келе ол ақжолдықтарды алдағы екі апта ішінде өңірлердегі бизнес үшін ең өзекті мәселелер жөнінен нақты ұсыныстар дайындауға шақырды.
Съездің негізгі мәселесі «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтің өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесі болды. Делегаттар алдында сөйлеген сөзінде ол қоғамда болып жатқан үдерістердің қарқыны жоғары, мұндай жағдайда ұзақ уақыт бір адамның басшылықта отыруы белгілі бір дәрежеде тежегіш факторға айналуы мүмкін екенін жеткізді. Саясаткердің айтуынша, кез келген «монополияның» алдын алудың тиімді жолы – басшылықтың кезең-кезеңімен ауысып отыруы. Осылайша, өзінің орнына Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.
– Дания Еспаева Парламентке келгенге дейін банк жүйесінде қызмет атқарды. Салада 34 жыл жұмыс істесе, соның 17 жылында басшылық лауазымда отырған. Екі рет Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болды. Ол алғаш рет 2016 жылы «Ақ жол» партиясынан Мәжіліске өтті, Қаржы және бюджет комитетінде жұмыс істеді, ал 2023 жылдың наурызында Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы аралықта Парламенттік оппозиция туралы, заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңдарды қоса алғанда, бірқатар маңызды заңнамалық бастаманың авторы әрі тең авторы болды, сондай-ақ Конституциялық комиссия жұмысына қатысты. Айта кетейін, ол – 2019 жылғы президенттік сайлауға ұсынылған тұңғыш әйел кандидат. Дания Мәдиқызының тәжірибесі, кәсіби білімі мен батыл шешім қабылдай алу қабілеті партияға жаңа серпін береді, – деді А.Перуашев.
Балама кандидат ретінде Қарағанды облысының делегаттары «Ақ жол» демократиялық партиясының Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі, Қазақстан қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Ермек Әбділдин кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру рәсіміне 165 делегат қатысты. Д.Еспаеваның кандидатурасын 152 делегат қолдады, Е.Әбділдинге 8 делегат дауыс берді, ал 5 делегат қалыс қалды. Осылайша, кезектен тыс съездің шешімімен Д.Еспаева «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы болып сайланды.
– Он бес жыл осы партиядамын. Ішкі жұмысын, қағидаттарын және ұстанымдарын білемін. Командамен тыңғылықты жұмыс істеп, биылғы сайлауға дайындаламыз. Әзірге жобамызды реттеп алу керек. Басты назарды өңірлерге бұру керек, – деді Д.Еспаева.