Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Көкшетауда Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған еңбек ардагерлері, өндіріс озаттары, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты.
Мерекелік көңіл күй өңірдің қол жеткізген елеулі жетістіктерімен де айшықталды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөзінде аймақтың даму көрсеткіштеріне тоқталды. Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық-индустриялық орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтып келеді. Соңғы үш жылда өңірге 2,2 триллион теңге инвестиция тартылып, оның 1,5 триллион теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі болды.
Ауыл шаруашылығы маусымындағы ауа райының құбылмалылығына қарамастан, жергілікті диқандар 6,1 миллион тонна астық жинады. Оның шамамен 90 пайызы үшінші сыныпқа жатады, ал 70 пайызы ішкі және әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие Hi-Pro жоғары ақуызды санатына сәйкес келеді. Облыс әкімі өңір экономикасын әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Майлы дақылдар егілетін алқаптар төрт еседен астам ұлғайып, 838 мың гектарға жетті. Жаңа сүт-тауар фермалары ашылып, заманауи кәсіпорындар іске қосылуда. Тау-кен өндіру және металлургия салаларында да жаңа өндіріс орындары дамып келеді.
Ақмолалықтардың күнделікті өміріндегі оң өзгерістер де айқын байқалады. Облыста газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көгілдір отын 28 елді мекенге жеткізілді. Соның нәтижесінде 220 мыңнан астам тұрғынды газбен қамтуға мүмкіндік туды. Алдағы жылдары "солтүстік тармақ" арқылы жүздеген ауыл мен қалаға газ жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өңірде 16 теміржол вокзалы жаңғыртылып, бұл көрсеткіш республика бойынша рекордтық нәтижеге айналды. Тұрақты әуе рейстерін дамыту мақсатында Көкшетау әуежайы облыстың меншігіне берілді. Аймақта тозығы жеткен ғимараттардың орнына заманауи тұрғын үй кешендерін салуға мүмкіндік беретін реновация бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Жаңа ауруханалар, заманауи үлгідегі мектептер мен спорт кешендері салынуда. Өңір спортшылары халықаралық жарыстарда Қазақстанның абыройын асқақтатып келеді.
Облыс әкімі атап өткендей, Ақмола облысы мен тұтас еліміздің жетістіктерін бір ғана сөзге сыйғызу мүмкін емес.
"Қазақстан 35 жыл ішінде экономиканы нығайту, өңірлерді дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Жалпыұлттық мақсаттарды жүзеге асыруға Ақмола облысы да өз үлесін қосып келеді. Өңір еліміздің жетекші аграрлық-индустриялық орталықтарының бірі ретіндегі ұстанымын дәйекті түрде нығайтып отыр", – деді Марат Ахметжанов.
Салтанатты жиынның шарықтау сәті өңірдің үздік азаматтарын марапаттау рәсімі болды. Мемлекеттік наградаларға Ақмоланың 50 азаматы ие болып, өңірдің бірқатар көрнекті өкіліне "Ақмола облысының құрметті азаматы" атағы берілді. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Ахметжанов әрбір жетістіктің артында өңір тұрғындарының күнделікті адал еңбегі мен жасампаздыққа ұмтылысы тұрғанын атап өтті.
Аталған атаққа ие болған Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Құралай Ыдырысова бұл марапат – көп жылғы еңбегіне берілген жоғары баға екенін атап өтті. Ол мерекеге орай жерлестерін құттықтап, өңірде жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге тоқталды.
"Бүгін барша қазақстандықтарды, жерлестерімді, көкшетаулықтарды және Ақмола облысының тұрғындарын ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтағым келеді! Қаламызды қазір тану қиын: ол үнемі өзгеріп келеді. Жаңа нысандар салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көкшетаудың дамып келе жатқанына, мәдениет пен спортқа көңіл бөлініп жатқанына қуанамын", – деді ол.
Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласының өкілі, "Запорожье Агро" ЖШС-нің Жақсы ауданындағы бас агрономы Светлана Петренко да марапатталды. Ол ширек ғасырдан бері туған жерінде еңбек етіп келеді. Мамандығын таңдауға әкесінің ықпалы болғанын айтқан ол бүгінде отбасылық еңбек дәстүрін жалғастырып жүр.
"Жерге деген сүйіспеншілікті маған әкем дарытты. Ол да бас агроном болған, мен әкемнің жолын жалғастырып келемін. Жерде еңбек етіп жүргеніме 25 жыл болды. Осындай ұлы мемлекеттік мереке қарсаңында көп жылғы еңбегімнің бағалануы мен үшін өте қуанышты. Еңбегіме жоғары баға беріп, мемлекеттік наградамен марапаттағаны үшін Қазақстан Президентіне алғысымды білдіремін", – деді Светлана Петренко.
Мерекелік жиын облыстың үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсеткен үлкен концерттік бағдарламамен аяқталды.
Өнерпаздар көрермендерге жарқын музыкалық нөмірлер ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Суреттер: Ақмола облысының баспасөз қызметі
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы ұсынған материал
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу