Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ақмола облысының Зеренді ауданында орақ науқаны қарқын алып келеді. "Намыс" шаруа қожалығының алқаптарында дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 28 центнерді құрап, дәндегі клейковина мөлшері 28 пайызға жетуде. Күзгі дала жұмыстарының барысын жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов бағалады.
Облыс әкімі механизаторлармен кездесіп, егін жинау барысымен танысты. Ол астықтың сапасы жоғары екенін атап өтіп, түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты. Өйткені орақ науқаны негізгі алқаптарға енді ғана жетіп отыр.
"Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілді. "Кең дала" бағдарламасы бойынша мыңнан астам шаруашылық жеңілдетілген несие алды. Сонымен қатар жеңілдетілген дизель отыны мен минералды тыңайтқыштар бөлінді. Заманауи технологияларды, ғылыми тәсілдерді қолданудың және аграршылардың еңбегінің арқасында ауа райы әрдайым қолайлы бола бермегеніне қарамастан, жақсы өнім алып отырмыз", – деді Марат Ахметжанов.
Қазір механизаторлар үшін басты міндет – егінді оңтайлы мерзімде жинап, өнімнің ысырап болуына жол бермеу. Манарбек Байманов бұл салада 20 жыл еңбек етіп келеді, оның соңғы алты маусымы "Намыс" шаруашылығында өтіп жатыр. Оның айтуынша, биыл өнімділікпен қатар астықтың сапасы да жоғары.
"Өткен жылмен салыстырғанда кейбір аудандарда өнімділік көрсеткіші тіпті жоғары. Биылғы өнімнің сапасы да жақсы. Ауа райы қолайлы болса, орақ жұмыстарын қыркүйек айында толық аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деді механизатор.
Бүгінде орақ науқаны облыстың барлық аумағында қарқын алып келеді. Жаппай егін жинау жұмыстары тамыз айының ортасында басталды. Қазіргі уақытта 4,5 миллион гектар астық алқабының шамамен 1,6 миллион гектары, яғни үштен бірінен астамы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 12,3 центнерден айналып, 2 миллион тоннадан астам астық бастырылды. Егін жинау қарқыны бойынша Зеренді, Бурабай, Сандықтау және Бұланды аудандары көш бастап тұр.
Орақ науқанының қарқынын сақтау үшін облыстың шаруашылықтары қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген. Дала жұмыстарына 14 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде шамамен 7 мың астық жинайтын комбайн жұмылдырылды. Олардың 70 пайызға жуығы – заманауи жоғары өнімді техника.
Күзгі дала жұмыстары кезеңінде аграршыларға 81 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шаруашылықтар шамамен 350 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды, оның басым бөлігі алқаптарға енгізілді.
Суреттер: Ақмола облысы әкімдігінің баспаөз қызметі
Орақ науқанының алғашқы нәтижелері астық қабылдау кәсіпорындарына түсуде. Элеваторларға 500 мың тоннадан астам астық жөнелтілді. Оның ішінде сапалық көрсеткіштері жоғары Hi-Pro бидайының көлемі шамамен 250 мың тоннаны құрайды.
Өткен жылы Ақмола облысының аграршылары рекордтық 7,6 миллион тонна астық жинаған болатын. Биылғы маусымда шаруалар әзірге нақты болжам жасауға асықпайды, өйткені алқаптардың үштен бірі ғана жиналды. Қазіргі басты міндет – қалыптасқан қарқынды сақтап, әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалана отырып, өнімді барынша аз шығынмен жинау.
Ақмола облысы ІСБ ұсынған материал
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу