Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Ақмола облысының соты ерлі-зайыпты мен келісімшарттағы міндетін орындамаған суррогат ана арасындағы дауды қарады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Соттың мәліметінше ерлі-зайыпты 2024 жылы суррогат ананың қызметін пайдалануға шешім қабылдап, Д-мен шарт жасасқан.
"Келісім бойынша екі рет ұрықтандыру әрекеті жоспарланған. Бірінші әрекет сәтсіз аяқталған — эмбрион бекімеген. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы ақпанға дейін ерлі-зайыпты Д.-ға 500 мың теңгеден астам қаражат аударған. 2025 жылғы наурыз айына жоспарланған екінші әрекет Д.-ның келмеуіне байланысты жүзеге аспаған", - деп жазылған хабарламада.
Ал 2025 жылғы сәуірде ерлі-зайыпты "Астана Эколайф" ЖШС-не эмбрионды сақтау шартын тоқтату туралы өтініш жазған. Ерлі-зайыпты сотқа жүгініп, Д.-ға жұмсалған қаражатты өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы талап койған.
"Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырды. Д.-дан 550 мың теңге және тексеру, дәрі-дәрмек, жол шығындары өндірілді. Сонымен қатар, 500 мың теңге моральдық зиян төлеу туралы шешім шыққан", - деп жазылған хабарламада.
Алайда облыстық сот бұл шешімді қайта қарап, моральдық зиянды өндіру бөлігін алып тастады. Соттың түсіндіруінше, Д. тек мүліктік (қаржылық) міндеттемелерді бұзған, ал моральдық зиян келтіргені дәлелденбеген.
Сондай-ақ, эмбрионның жойылуына Д.-ның тікелей қатысы бары дәлелденбеген. Өйткені эмбрион арнайы ұйыммен жасалған келісім негізінде сақталған және оны жою туралы шешімді ерлі-зайыпты өздері қабылдаған.
Осылайша, сот Д.-ны тек материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Облыстық соттың шешімі заңды күшіне енді.