Ақмола облысында тері инфекциялары артып келеді

15.11.2025

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омархановтың айтуынша, биыл өңірде тері инфекцияларының өсуі 1,7 есе артқан. Барлығы 392 жағдай анықталған: оның ішінде 21 – қышыма, 371 – дерматомикоз. Ауру жұқтырғандардың 237-сі – балалар (60,4%).

— Зарарлану факторларының негізгісі: науқас адамдармен байланыс — 18%, үй жануарларымен — 23%, қаңғыбас жануарлармен — 34%. Сонымен қатар жұқтыру жағдайларының 25%-ы басқа өңірлерден келген науқастарға байланысты. Аурудың өсуі жеке гигиена талаптарының сақталмауы және халықтың алдын алу шаралары туралы ақпараттануының төмен болуымен байланысты, — деді С.Омарханов.

Бұған қоса, биылғы 10 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жедел ішек инфекциялары да 1,1 есе артқан. Барлығы 322 жағдай тіркелген. Оның 207-сі — 14 жасқа дейінгі балалар (64,2%).

— Ең жоғары көрсеткіш Бурабай ауданында (100 жағдай), Көкшетауда (101 жағдай) және Есіл ауданында (36 жағдай) тіркеліп отыр. Бурабай ауданында екі жергілікті жұқпа ошағы тіркелді, Атбасар ауданында да жекелеген жағдайлар байқалды, — деп қосты облыстың бас санитариялық дәрігері.

Жедел ішек инфекциялары құрылымында 59,9% жағдайдың этиологиясы нақтыланған, ал 39,7% — анықталмаған. Бұл эпидбақылауды және зертханалық қадағалауды күшейту қажеттігін көрсетеді.

Еске сала кетсек, Павлодарда балалар арасында вирусты инфекция өршіп, аурухана науқастарға толып қалғанын жаздық.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов кейбір ірі қалалардағы инфекциялық стационарларға науқастардың көптеп келіп жатқанын растады.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью