Ақмола облысында жаңа туған 23 нәрестеге жөргек бермеген

10.07.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Бұл заңбұзушылықты аудан прокуратурасы денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізген талдау барысында әшкереледі,  – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Қадағалау органының мәліметінше, аудандық аурухана кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында берілетін «Ана мен бала» жиынтықтарын 23 жаңа туған нәрестеге дер кезінде табыстамаған. Соның салдарынан сәбилердің заңмен кепілдендірілген әлеуметтік қолдау алу құқығы бұзылған.

Прокуратураның қадағалау актісінен кейін аурухана мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізіп, 120 дана «Ана мен бала» жиынтығын сатып алған. Нәтижесінде,  23 нәрестенің құқығы қорғалып қана қоймай, биыл дүниеге келетін сәбилерге арналған қажетті қор да жасақталған.

Прокуратура азаматтардың әлеуметтік маңызы бар салалардағы құқықтарын қорғау аудан прокуратурасының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Осы мәселеге байланысты «Астрахан аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК түсініктеме беріп, анықталған заңбұзушылықтардың 2025 жылдың басында жүргізілген тексерулердің қорытындысына қатысты екенін мәлімдеді.

– Табылған заңбұзушылықтардың бәрі өткен жылдың басындағы тексерістердің нәтижесіне жатады. Барлық ескертулер түзетілді. Мерзімі өтіп кеткен медициналық бұйымдар ауыстырылды. Медициналық қобдишалар бекітілген талаптарға сәйкес жинақталған. Биылғы жылға барлық қажетті медициналық заттар сатып алынып, медициналық қобдишалар қамтамасыз етілді, –  дейді Астрахан аудандық ауруханасының өкілі. 

Алайда бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Желіде жарияланған пікірлердің бірінде дәрілердің уақытында алынбағанын айтып сын садағына алды.  

– Өздеріңіз бұған дейін немен айналысып жүрдіңіздер? Енді ғана әлеуметтік желіде ақпарат тарата бастадыңыздар. Шприц, бинт сияқты дүниелер жетіспесе бір сәрі, бірақ жаңа туған нәрестелерге арналған дүниені уақытында бермегендеріңіз қалай?» – деп жазған әлеуметтік желі қолданушысы.

Бұл оқиға денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қолдау шараларын уақытылы әрі толық орындауының маңызын тағы бір рет көрсетті. Әсіресе,  жаңа туған нәрестелерге арналған көмек құралдарының кешіктірілуі қоғамда үлкен резонанс туғызып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью