Ақмола облысында жасы елуден асқан 265 адам жұмысқа орналасады

01.02.2026

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Ақмола облысында биыл 50 жастан асқан 265 адам жұмысқа орналасады.

Бұл өңірде жүзеге асқан «Күміс жас» жобасының жемісі. Жауаптылар сұраныс жылдан жылға артып жатқанын айтады. Мысалы, соңғы үш жылда жоба аясында 800-ге жуық ақмолалық тұрақты жұмыспен қамтылған. Басты мақсат - зейнет жасына таяған жандарға  қолдау көрсету.

Игі жобаның жемісін көргендердің бірі Қуаныш Қапарова. Ол жартылай фабрикат өнімдерін дайындайтын цехқа орналасқан. Үш жыл бұрын ауылдан көшіп келгенде біраз уақыт жұмыс таппай қиналған.

Қуаныш Қапарова, қала тұрғыны:

- Саумалкөл ауылынан көшіп келдім. Осы қалада тұрып жатырмыз. Бізге жұмыс іздеу өте қиын. Орта жастамыз. Жұмысқа орналастыруға хабарласып, осы жерге жұмысқа орналастырды мені. Қазіргі менің жұмыс істеп жатқан орным өте жақсы. Өте ұнайды.

Дәл осындай жағдай Үміт Жахинаның да басынан өткен. Осы жоба аясында тігін цехына мамандығы бойынша орналасты. Білікті маманның осы саладағы еңбек өтілі 35 жылдан асады.

Үміт Жахина, қала тұрғыны:

- Мен осы цехта 3 жылға жуық жұмыс істеймін. Барлығы ұнайды. Ұжым тату. Осыған дейін қаладағы тағы бір кәсіпорында қызмет еткем. Бірақ ол нысан жабылып, жұмыссыз қалдық.

Кез келген жұмысқа орналасудың өзіндік қиындығы бар. Ал егде жастағы жандар  үшін бұл тіпті қиын. Бірақ «Күміс жас» жобасына деген кәсіпкерлердің қызығушылығы бар. Себебі жұмыскерлердің жалақысы мемлекет тарапынан субсидияланады.

Бақытжан Қожахметова, тігін цехының басшысы:

- Алғашқы жыл жалақысының 70 пайызын мемлекет өтейді. Екінші жыл 65, үшінші жыл 60 процентін төлейді. Бұл әрине біз сияқты кәсіп иелеріне өте ыңғайлы. Қазір менде осы жоба аясында 3 адам еңбек етіп жатыр.

Осылайша жобаның тиімді тұсы көп. Тіпті мамандығы жоқтарға қысқа мерзімді оқу да қарастырылған.

Александр Солодка, еңбек ұтқырлығы орталығы директорының орынбасары:

- Мамандығы жоқтарды арнайы қысқа мерзімді оқуға жібереміз. Олар 3 ай бойы өздеріне қажетті мамандықты меңгеріп шығады. Осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан арнайы стипендия тағайындалады. Былтыр қысқа мерзімді курстан шамамен 400-ден астам адамды оқыттық.

Биыл 265 адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Жыл басынан бері 100-ден астам адам өтінім беріп үлгірді. Жалпы білікті мамандарға әркез сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде облыс бойынша үш жарым мың бос жұмыс орыны бар.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью