Ақмола облысындағы өрттен зардап шеккендерге медициналық жабдық жеткізілді

01.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылғы 28 ақпанда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілген. Кеңес қорытындысы бойынша гемодиафильтрация (ГДФ) жүргізу қажеттігі анықталып, қажетті медициналық жабдықтар жедел жеткізіліп, мамандар шақырылған.

— Гемодиафильтрация – бұл қазіргі заманғы бүйректі алмастыратын терапия әдісі, ол қанның диффузиялық және конвективтік жолдарымен тазалануын біріктіреді. Бұл әдіс төмен, орташа және ішінара үлкен молекулалық токсиндерді тиімді кетіруге мүмкіндік береді, сондықтан ауыр жағдайдағылар үшін аса маңызды, — деді ведомство өкілдері.

Медициналық бригадалар жоғары технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.

Еске сала кетейік, Бурабай ауданының Щучинск қаласында тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, артынша өрт шықты. Соңғы мәліметтер бойынша, зардап шеккендер саны 28 адамға жетті. Олардың жетеуі қаза тауып, 10 адам жансақтау бөлімінде жатыр, қалғандарына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Артынша Щучинскідегі жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Щучьедегі жарылыста қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден берілетіні хабарланды.

Щучинск қаласындағы оқиғаны тергейтін комиссия құрылды.

Қаза тапқандардың асырауында еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелері болған жағдайда, олардың отбасыларына республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалатыны белгілі болды.

Бурабайдағы өрттен зардап шеккен бес адам Астанаға жеткізілді.

Ал бүгін Ақмола облысының дәрігерлері әлеуметтік желілерде таралған Щучинскіде «Палау орталығы» кафесінде болған өрттен зардап шеккендерге шұғыл қан қажет деген ақпаратты жоққа шығарды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью