Ақмолада бір тәулікте суда төрт қайғылы оқиға: үш адам қаза тауып, бір адам жансақтау бөліміне түсті

21.07.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Ақмола облысында бір тәулік ішінде суда болған төрт қайғылы оқиға тіркеліп, салдарынан үш адам көз жұмып, тағы бір азамат ауыр жарақат алды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ең ауыр оқиғалардың бірі Целиноград ауданында болды. Шомылуға тыйым салынған Нұра–Есіл суару каналында 2015 жылы туған бала суға батып кетті. Тағы бір қайғылы жағдай Атбасар ауданында орын алды. Бес азамат Есіл өзенін жүзіп өтпек болған. Төртеуі жағаға аман шыққанымен, 2008 жылы туған жасөспірім суға батып, қаза тапты.

Ақкөл ауданында да адам өлімімен аяқталған оқиға тіркелді. Мотоциклмен келе жатқан ер адам Талқара өзеніне батып кеткен. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын арнайы қызмет өкілдері анықтап жатыр.

Ал Аршалы ауданында 23 жастағы ер адам демалыс орнындағы таяз бассейнге секіріп, ауыр жарақат алған. Зардап шегуші Астана қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Осы қайғылы оқиғаларға байланысты Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. 

– Шомылуға тыйым салынған орындарға бармай, өз мүмкіндігін асыра бағаламау  – қарапайым қауіпсіздік қағидасы. Сондай-ақ балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау керек.  Жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат өз өміріне де, жақындарының қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарауы қажет, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью