Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Бұл бастама ерікті, өтеусіз донорлық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілік, өзара көмек және гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
Қан донорлығы — бұл жай ғана бір реттік акция емес, өмірді құтқаруға, денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған, сондай-ақ ерікті түрде қатысу, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты асыл құндылықтарға негізделген тұрақты қоғамдық қозғалыс.
— «Таза Қазақстан» акциясы — бұл тек қоршаған ортаның тазалығы ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың жүрек тазалығы, жауапкершілік сезімі мен қоғам игілігі үшін қосқан үлесі. Ерікті қан донорлығы осы құндылықтармен толық үндеседі, — деп атап өтті министр.
Ақпан айында еліміздің барлық өңірінде ақпараттық-түсіндіру шаралары, тақырыптық акциялар, донорлармен және серіктестермен кездесулер ұйымдастырылып, қан орталықтарында арнайы бағдарламалар өткізу жоспарланып отыр. Бұл іс-шараларда жастарды тартуға ерекше көңіл бөлінбек.
Осы акция аясында кез келген азамат жақсылық жасауға ниет білдіріп, өз өңіріндегі қан орталығына барып, ерікті түрде қан тапсыра алады.
Бүгін Денсаулық сақтау министрі елордалық қан орталығында донор болып, донорлық қозғалыстың маңыздылығын жеке үлгісі арқылы көрсетті.
Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор атанып, олар жалпы алғанда қан мен оның компоненттерін 250 мыңнан астам рет тапсырады.
Жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қан компоненттері құйылады, ал жалпы трансфузиялар саны жылына шамамен 400 мыңға жетеді.
Айта кетелік Көкшетауда полицей 20 литр қан тапсырғаны туралы жазған едік.