Arasha.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Журналист Асхат Садырбай Facebook желісіндегі парақшасында өзіне қарсы "ақпараттық шабуыл" жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны жөніндегі ақпаратты ресми органдардан емес, «фактчекингсіз, өсек-аяңға сүйенетін сайттардан» естіген.
"Достар, бүгін мен тағы бір ақпараттық шабуылға тап болдым. Біраз адам алаңдап хабарласып жатыр. Маған 4 ай бұрын "қылмыстық іс" қозғалыпты-мыс. Ең қызығы мен одан мүлдем хабарсызбын және оны мен құзырлы орган өкілдерінен емес мемлекеттен тендер алып, трафиктерін тексерілмеген "өсек аяңдармен" көтеретін , фактчекингті білмейтін бейшара сайттардан білдім. Бұл сайттардың артында кім тұрғанын және олар кімнің тапсырмасымен жазып отырғанын жақсы білемін. Көп ұзамай оларға да беташар жасармыз. Бұл сайттардың тірлігі оның ар жағында отырған суға кеткен пенделердің тал қармауы. Бұл айыптауларға қатысты өткен жылы сот болған. Оның барлық сатысынан өтіп, менің мұндай әрекет жасамағаным заңмен дәлелденген. Сот шешімі шыққан. Бірақ айыптаушы тарап сот шешімін орындамай жүргеніне жарты жыл болды. Сәл сабыр етіңіздер. Ешқандай жалған ақпаратқа сенбеңіздер! Қолдауларыңызға рахмет", – деп жазды Асхат Садырбай.
Бұған дейін Todayinfo.kz порталы Асхат Садырбайдың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Ақпаратқа сәйкес, іс оның бұрынғы жұбайы Айғаным Болатқызының арызы негізінде тіркелген.
Астана қалалық Полиция департаменті Есіл аудандық полиция басқармасында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын растады.
Ресми жауапта 1992 жылы туған Қорабаева Айғаным Болатқызы бұрынғы күйеуі – 1986 жылы туған Асхат Мұратович Садырбаевқа қатысты шара қолдану туралы арыз бергені көрсетілген.
Қазіргі уақытта іс аясында сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.