Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Аталған штаб саяси науқан қорытындысы жарияланғанға дейін елдегі дауыс беру барысы туралы сүзгіден өткен шынайы ақпаратты жедел таратуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ референдум күні YouTube желісіндегі Independ.kz арнасында штаб жұмысы тікелей эфирде көрсетіледі. Ақпараттық штабтың негізгі қызметі мен ауқымы туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медиаменеджер Нұржан Жалауқызы айтып берді.
– Тікелей эфир барысында YouYube платформасы арқылы үш мегаполис пен оннан астам өңірден тәуелсіз журналистер сайлау учаскелерінен тікелей байланысқа шығып, дауыс беру процесінің қалай өтіп жатқанын және тұрғындардың көңіл күйін жеткізіп отырады. Біз қоғамға тек тексерілген ақпарат ұсынуды көздейміз. Егер күмәнді немесе нақтылауды қажет ететін ақпарат келіп түскен жағдайда, олар арнайы сарапшылардың көмегімен тексеріледі, – деді Нұржан Мұхамеджанова.
Осыған дейін біршама тәуелсіз бақылаушы Ақпараттық штаб құру бастамасын қолдап, жұмысқа қатысуға ниет білдірген. Алғашқылардың бірі болып Алматы қаласындағы 6 үкіметтік емес ұйым ақпараттық алаңда арнайы брифинг өткізді. Қазір тәуелсіз бақылаушылар коалициясының құрамында мегаполис бойынша 2,5 мыңнан астам бақылаушы бар.
– Коалиция өкілдері еліміздің өзге өңірлерінде де жұмыс істейді. Референдум күні Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қазақстанның оннан астам өңірінен тікелей қосылымға шығады. Біз байқаушылардың жұмысы туралы ақпар тарату үшін арнайы алаң ұсынуа дайынбыз.
Қазіргі уақытта референдумға қатысты түрлі жалған ақпараттар мен фейктер таралып жатыр, олардың арасында бойкот жасауға шақыратын үндеулер де кездеседі. Сондықтан объективті әрі жедел ақпарат беру үшін Қоғамдық коммуникациялар орталығы базасында ақпараттық штаб құрылды, – деді Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабының басшысы Рафаэль Гасанов.
Брифинг соңында қатысушылар референдум кезінде ақпаратты жауапкершілікпен тарату мәселесіне тоқталды. Олар көпшілікті заң мен қоғамдық тәртіпті сақтауға, арандатушылық әрекеттерге ермеуге және сенімді дереккөздерге сүйенуге үндеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы