Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Сейсенбі күні Америка Құрама Штаттары Иран мұнайын сатуға рұқсат беретін бас лицензияның күшін жойды. Бұдан бұрын америкалық шенеунік Иранның Ормуз бұғазындағы әрекеттері "мүлдем қабылданбайтынын" және танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін оның салдары болатынын ескерткен болатын, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Өткен айда АҚШ пен Иран арасында жасалған уақытша келісімге сәйкес, АҚШ Қаржы министрлігі 22 маусымда Ираннан шығарылатын шикі мұнайды, мұнай-химия өнімдері мен мұнай өнімдерін 21 тамызға дейін сатуға рұқсат беретін бас лицензия берген еді.
Осы лицензияның күші жойылғаннан кейін АҚШ Қаржы министрлігі Иранға барлық мәмілені тоқтату үшін 17 шілдеге дейін мерзім берді.
Ұлыбританияның UKMTO теңіз әскери агенттігінің есебіне сәйкес, мұндай шаралар Ормуз бұғазы маңында үш танкерге белгісіз снарядтардың тигені туралы хабарламалардан кейін қабылданған. Тегеран бұл оқиғаларға қатысты түсініктеме бермеді және жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
Басылымның жазуынша, шиеленістің ушығуы Вашингтон мен Тегеран арасындағы нәзік дипломатиялық түсіністікке қауіп төндіреді. Сондай-ақ бұл Иранның ядролық бағдарламасына шектеу қоюды және санкциялардың бір бөлігін, соның ішінде мұнай экспортына қатысты шектеулерді жеңілдетуді көздейтін кеңірек келісім бойынша келіссөздерді тоқтатып тастауы мүмкін.
Мұнай экспорты - Иран үшін шетелдік валюта түсетін аса маңызды табыс көзі. Шектеулерге қарамастан, кейінгі жылдары Тегеран негізінен Қытайға жеткізілім көлемін арттырды. Экспортты шектеуге бағытталған жаңа талпыныстар елдің қаржысына және оның ішкі бағдарламалар мен аймақтық белсенділікті қолдау қабілетіне қысымды күшейтуі мүмкін.
7 маусымда АҚШ Қаржы министрлігі ирандық мұнай экспортына уақытша лицензия берді - Вашингтон екіжақты реттеу аясында Иранға салынған санкциялардың бір бөлігін алып тастаған болатын.