Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АҚШ Қарулы күштері Иранға қарсы шабуылдардың жаңа толқынын бастады. Бұл туралы 8 шілдеде АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Х әлеуметтік желісінде хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
CENTCOM соққы жасау туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке өзі бергенін мәлімдеді. Жаңа шабуыл операциясы Тегеранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына кедергі келтіру мүмкіндігін шектеуге тиіс.
Бас қолбасшының нұсқауымен АҚШ Орталық қолбасшылығының күштері Иранның Ормуз бұғазындағы навигация еркіндігіне қауіп төндіру мүмкіндігін одан әрі әлсірету үшін қосымша соққылар бере бастады. Америка Құрама Штаттары соңғы оқиғалар үшін Иранды жауапқа тартуда...
— АҚШ Орталық қолбасшылығы (@CENTCOM) 8 шілде, 2026 жыл
Сәрсенбі күні кешке ирандық БАҚ Парсы шығанағындағы Абу-Муса аралында, сондай-ақ Иранның Ираншахр, Чабахар, Конарак, Сирик, Джаск, Бендер-Аббас және Аккала қалаларында жарылыстар болғанын хабарлады. Соңғысында, Mehr агенттігінің мәліметінше, әуе қорғанысы күштері қала аспанындағы жау нысандарына оқ жаудырған.
Иранның оңтүстік-шығысындағы Ираншахр қаласындағы әуежайға жасалған АҚШ соққысы салдарынан бір өрт сөндіруші қаза тапты, деп хабарлайды Press TV телеарнасы. Сондай-ақ әуежай ғимараты мен ұшу-қону жолағында жарылыс болғаны айтылды.
Иранның оңтүстігіндегі Чабахар қаласына жасалған америкалық соққылар кезінде екі айлақ пен кемелер қозғалысын басқару мұнарасы зақымданды.
Бушир провинциясы губернаторының орынбасары Ихсан Джаханиян қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан әскери базаға екі зымыран түскенін хабарлады.
Axios порталының журналисі Барак Равидтің айтуынша, бұл жолы АҚШ Иранға жасалған соққылардың ауқымын кеңейтіп, Ислам революциясы күзет корпусының (ИРКК) жағалаудағы радарларына, кемеге қарсы зымыран позицияларына және әуе қорғанысы жүйелеріне шабуыл жасаған.
"Сәрсенбідегі (Иранға жасалған - ред. ескертпесі) соққылар алдыңғы күндерге қарағанда ауқымдырақ. Нысандар арасында ИРКК-ның жағалаудағы радарлары, кемеге қарсы зымыран позициялары және әуе қорғанысы жүйелері бар", - деп жазды журналист X әлеуметтік желісіндегі жазбасында.
Бір күн бұрын CENTCOM Ормуздағы сауда кемелеріне жасалған шабуылдарды негізге алып, Ислам Республикасындағы 80-нен астам нысанаға соққы жасалғанын хабарлаған болатын. Америкалық қолбасшылықтың нақтылауынша, Иранның әуе қорғанысы жүйелері, басқару және байланыс желілері, жағалаудағы радиолокациялық қондырғылар, кемеге қарсы зымырандық қорғаныс құралдары, сондай-ақ ИРКК-ның 60-тан астам катері нысанаға алынған.
Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Тегеран басшылығы америкалық соққылардың алғашқы толқынына жауап шараларын жариялады. Кувейт пен Бахрейн Иран тарапынан атқылау болғанын хабарлады. Шабуылдар үшін жауапкершілікті ИРКК өз мойнына алып, бұл әрекеттердің "Хормозган және Махшахр провинцияларындағы бірқатар жағалаудағы базалар мен азаматтық нысандарға жасалған әуе соққыларына" жауап ретінде екі елдегі америкалық әскери нысандарға жасалғанын алға тартты.
8 шілдеде НАТО саммиті аясында журналистің Иранмен бітімгершілік пен әскери қимылдарды тоқтату туралы меморандум күшінде ме деген сұрағына Ақ үй басшысы "Меніңше, бұған нүкте қойылды. Мен олармен бұдан былай істес болым келмейді", - деп жауап берді. Дональд Трамп өзі "өтірікші" деп атаған ирандық өкілдермен кез келген байланысты уақытты босқа кетіру деп бағалады. Сонымен бірге ол егер келіссөз жүргізушілері қаласа, оларға Иранмен диалогты жалғастыруға рұқсат беретінін атап өтті.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу