Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс ушығып тұрған тұста Анкараның бастамасымен Түркия мен Иран Сыртқы істер министрлері кездесті. Тараптар тағы қандай шешімге келді?
Кездесудің басты мақсаты – аймақта ушығып тұрған шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеу. Әсіресе АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастың күрделенуіне байланысты тараптар әскери қақтығыстың алдын алу жолдарын қарастырды. Түркия бұл үдерісте медиатор ретінде диалог пен келіссөзді басты құрал ретінде ұсынды.
Кездесуден бұрын Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен Иран Президенті Масуд Пезешкиан телефон арқылы сөйлесіп екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызы мен өңірдегі қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Ердоған Түркияның Иран мен АҚШ арасындағы шиеленісті төмендетуге жағдай жасауға дайын екенін айтып, осы мақсатта араағайындық рөлін атқаруға әзір екенін жеткізді.
Бірнеше сағаттан кейін Ыстанбұлда екі елдің сыртқы істер министрлері кездесті. Келіссөз барысында тараптар екіжақты қарым-қатынаспен қатар, АҚШ пен Иран арасындағы текетіресті, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселесін және аймақтағы тұрақтылықты сөз етті. Хакан Фидан Түркияның Иранға қарсы кез келген әскери әрекетке үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Бұлай деп ол кездесуден кейін ұйымдастырылған баспасөз жиынында айтты.
Хакан Фидан, Түркияның Сыртқы істер министрі:
- Өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік – Түркияның сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі. Біз өңірлік мәселелер өңірдің өз ішінде шешілуі тиіс деп есептейміз. Осы тұрғыда Иранның тыныштығы мен өркендеуі бүкіл аймақ үшін маңызды. Ирандағы жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Сонымен қатар Күрдістан жұмысшылар партиясы террористік ұйымының жағдайды пайдаланып отырғанын көріп отырмыз. Бұл ұйым Түркияға да, Иранға да ортақ қауіп, сондықтан оған қарсы бірлескен күрес қажет.
Иран тарапы да келіссөз барысында дипломатиялық диалогты қолдайтынын мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Түркияның аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған ұстанымын жоғары бағалап, Анкараның араағайындық бастамасына оң көзқарас білдірді. Оның айтуынша, АҚШ пен Иран арасындағы текетірестің ушығуы бүкіл өңір үшін қауіп төндіреді. Сондықтан Тегеран барлық даулы мәселелер келіссөз арқылы реттелуі тиіс деп есептейді. Сонымен қатар Иран сыртқы қысым мен әскери әрекеттерді қабылдамайтынын айтып, үшінші тарапы жағдайды ушықтыратын қадамнан бас тартуға шақырды. Тараптар кездесудің қорытындысы бойынша өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты байланыста болуға уағдаласты.