Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
— Біз «СНВ жаңа келісімінің» (Құрама Штаттармен нашар келісілген және басқаларымен қатар өрескел түрде бұзылып жатқан) күшін ұзартудың орнына ядролық сарапшыларымызға болашақта ұзақ уақытқа созылатын жаңа, жетілдірілген және жаңғыртылған келісімшарт әзірлеуді тапсыруымыз керек, — деп хабарлады Дональд Трамп Truth Social-да.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сәрсенбіде қару-жарақты бақылау бойынша кез келген жаңа келісімге Бейжіңнің ядролық арсеналы АҚШ пен Ресейдікінен айтарлықтай аз болғанына қарамаастан Қытай кіруі керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды ABC News.
— Президент бұған дейін де Қытайдың үлкен және тез өсіп келе жатқан қорын ескере отырып ХХІ ғасырда нақты қару-жарақты бақылауға оның қатысуынсыз қол жеткізу мүмкін емес екенін анық айтқан болатын, — деп мәлімдеді Марко Рубио.
Қытай СІМ ресми өкілі Линь Цзянь өз елінің үшжақты келісімге қатыспайтынын мәлімдеді.
— Қытай мен АҚШ-тың ядролық күштері мүлдем әр түрлі деңгейде, және қазіргі кезеңде Қытайдың ядролық қарусыздану келіссөзіне қатысуын талап ету әділетсіз және ақылға сыйымсыз, — деп жауап берді Линь Цзянь.
2025 жылдың қыркүйегінде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-қа «СНВ жаңа келісімінің» күшін бір жылға ұзартуды ұсынды, оны Дональд Трамп бастапқыда «жақсы идея» деп атады.
Алайда АҚШ ресми түрде жауап берген жоқ. Трамптың жаңа келіссөзге шақырған хабарламасына қарағанда, ол шарттың ұзартылуын қолдаған жоқ.
The New York Times газетінің хабарлауынша, еуропалық көшбасшылар Вашингтоннан тәуелсіз ядролық күштер құру мәселесін талқылай бастады. Жапония, Оңтүстік Корея және Түркия бағытты өзгерту мүмкіндігін талқылап жүрген басқа да ядролық емес мемлекеттердің қатарында.
Биыл АҚШ ядролық арсеналына 87 млрд доллар жұмсайды, оның ішінде оқтұмсықтарды жаңғырту және ескірген зымырандар мен бомбалаушы ұшақтарды қымбатқа түсетін ауыстыру бар.
Бұған дейін Ресей мен АҚШ арасындағы ядролық қаруды қысқарту жөніндегі келісімнің мерзімі аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.
СНВ-III келісімі әр тарап үшін орналастырылған стратегиялық ядролық оқтұмсықтар санын 1 550 бірлікпен шектеді.
Сондай-ақ құрлықаралық баллистикалық зымырандар мен ауыр бомбалаушы ұшақтар секілді жеткізу жүйелеріне шектеулер енгізді. Келісім аясында деректер алмасу, хабарламалар жіберу және орнында тексеру жүргізу сияқты тексеру тетіктері қарастырылып, өзара сенімсіздікті азайтуға және қате есептеулердің алдын алуға бағытталған еді.