Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Зерттеуді АҚШ-тағы Калифорния университетінің (Дейвис) феталдық және неонаталдық хирургия маманы Диана Фармер басқарды. Зерттеуге алты жүкті әйел қатысты. Олардың ішіндегі балаларына миеломенингоцеле диагнозы қойылған. Бұл – жұлын жарығының ең ауыр түрі, ол сал болып қалуға, ми зақымдануына әкелуі мүмкін.
Операциялар жүктіліктің 24–25 аптасында жасалған. Дәрігерлер донорлық плаценталардан алынған бағаналы жасушаларды ұрықтың ашық қалған жұлын бөлігіне тікелей жіберді. Операциялар кезінде ешқандай асқынулар тіркелмеген. Балалар шамамен 34-аптада дүниеге келген. Сәбилерде инфекция, жұлын сұйықтығының ағуы немесе ісік пайда болу белгілері байқалмаған.
Сонымен қатар, барлық жаңа туған нәрестеде қауіпті асқынулардың бірі – мидың артқы бөлігінің мойын аймағына ығыспағаны анықталды. Бұл әдетте жұлын сұйықтығының айналымын бұзады.
Дегенмен Мельбурндегі Корольдік әйелдер ауруханасының феталдық медицина маманы Клэр Уайтхед жаңа емдеу әдістерін зерттегенде сақтық қажет екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта да ұрықта омыртқа ақауын жабу бойынша операция жасалады. Бірақ Фармердің айтуынша, мұндай операциядан кейін де балалардың шамамен 60%-ы өздігінен жүре алмайды. Бұған дейін қойларда жүргізілген тәжірибелер хирургия мен бағаналы жасушаларды бірге қолдану жануарлардың тұрып, жүре алуына мүмкіндік бергенін көрсеткен.
Ғалымдар бұл әдістің толық тиімділігі туралы айтуға әлі ерте екенін айтады. Оның қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді нәтижелерін дәлелдеу қажет. Қазірдің өзінде тағы 29 жүкті әйел қатысатын кеңейтілген зерттеу мақұлданған.
Мақаланың ағылшын тіліндегі түпнұсқасын мына жерден оқи аласыз.
Бұған дейін Ұлыбритания мен Бразилияның денсаулық сақтау органдары салмақ түсіруге арналған GLP-1 рецептор агонистері тобына жататын дәрілерді (Ozempic, Wegovy, Saxenda) қабылдайтын адамдарда жедел панкреатит даму қаупі бар екенін ескерткен.