АҚШ та қарлы боран салдарынан шамамен 770 мың адам жарықсыз қалды

26.01.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Елде бұрын-соңды болмаған қалың қар мен қатты суық тіркеліп отыр.

Қарлы боран мен аяз АҚШ-тың орталық және солтүстік-шығыс штаттарында, соның ішінде Техас, Нью-Йорк, Нью-Джерси және Вашингтонда халықтың күнделікті өміріне кері әсер етіп жатыр.

Елдегі әуе қозғалысын бақылайтын FlightAware сайтының мәліметінше, бүгін бүкіл ел бойынша 10 мыңнан астам рейс тоқтатылып, 8 мыңнан аса рейс кейінге шегерілген.

Электр қуатының өшуін онлайн бақылайтын PowerOutage сайтының дерегіне сәйкес, қатал қыс жағдайына тап болған штаттарда шамамен 770 мың адам жарықсыз қалған. Оның ішінде Теннесси штатында — 260 мың, Техаста — 140 мың, Миссисипиде — 125 мың адам электр қуатынсыз отыр.

АҚШ астанасы Вашингтонда 10 сантиметрге дейін қар жауады деп болжанған, ал Нью-Йорк пен Нью-Джерси штаттарында 30 сантиметрге дейін қар түсуі мүмкін. Нью-Йорк мэрі Зоран Мамдани ертең қаладағы мектептер жабылатынын мәлімдеді.

— Қар қаланы басып, жағдай қауіпті бола бастағанда, мектептерді жабу — Нью-Йорк тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет қадам, — деді Мамдани жергілікті БАҚ-қа берген мәлімдемесінде.

АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, ел бойынша 190 миллион адам оңтүстік штаттарда қауіпті көктайғаққа, ал солтүстік-шығыста қарлы боран қаупіне ұшырап отыр.

Билік өкілдері қарлы боранның елдің басым бөлігінде ертеңге дейін жалғасатынын, одан кейін ауа температурасы күрт төмендеп, көктайғақ болатынын ескертті. Бұл жағдай алдағы бірнеше күнде көлік пен инфрақұрылымға елеулі қауіп төндіруі мүмкін.

Осыған дейін АҚШ-тың бірқатар штатында «Ферн» дауылына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны белгілі болды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью