Ақша табудың өзі жеткіліксіз : қазіргі әкелерге қойылатын талап өзгеріп жатыр

09.09.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Бірақ қазір әкеге қойылатын талап та, ер азаматтардың әке болуға көзқарасы да өзгеріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Баланың сабағын сұрау, бос уақытын бірге өткізу, мәселесін тыңдау, кеңес беру, қажет кезде мектептегі жағдайға араласу – мұның бәрі қазіргі әкелік рөлдің бір бөлігіне айналып келеді.

Отбасы апталығы аясында Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) 2026 жылғы зерттеулеріне сүйеніп, Қазақстандағы әке институтының қалай өзгеріп жатқанын саралап көрдік.

Қазіргі әкенің үш үлгісі

ҚҚДИ-дің «Қазақстандағы әке институты» талдау баяндамасында қазіргі әкелердің үш моделі көрсетілген: дәстүрлі әке, іс жүзінде белсенді әке және белсенді әке-серіктес.

Дәстүрлі модельде әкенің отбасындағы орны көбіне оны асырау, қорғау және негізгі жауапкершілікті мойнына алумен байланысты болса, қазіргі модельдерде баланың күнделікті өміріне тікелей араласуға басымдық беріледі.

Зерттеудің сапалық бөлігіне қатысушылар арасында «іс жүзінде белсенді әке» моделі жиі кездескен. Яғни әке отбасының материалдық жағдайына ғана жауап бермей, баласының оқуына, бос уақытына және күнделікті тіршілігіне қатысады.

Бұл өзгеріс әкенің отбасындағы рөлі әлсіреді дегенді білдірмейді. Керісінше, оның жауапкершілік аясы кеңейіп келеді. Әке асыраушы әрі қорғаушы рөлін сақтай отырып, баланың өміріне тікелей араласатын адамға айналып жатыр.

Баламен қарым-қатынас та өзгеріп келеді

Зерттеуде әкелердің балаға қолдауы қандай әрекеттерден көрінетіні де қарастырылған. Олар баласының мәселесін шешуге көмектеседі, қорғайды, кеңес береді және мектепте туындаған жағдайларға араласады.

Сонымен бірге әке мен бала арасындағы эмоционалдық байланыстың ашық үлгісі қалыптасып келе жатқаны байқалған.

Бұл – әкелік қамқорлықтың тек «асырау» немесе «қорғау» ұғымдарымен шектелмей бара жатқанының бір көрінісі. Қазіргі әкеден баланың жанында физикалық тұрғыда болу ғана емес, оның күнделікті өміріне қызығушылық танытып, қажет кезінде қолдау көрсету де күтіледі.

Осылайша, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас біртіндеп қатаң иерархиялық үлгіден өзара байланысқа негізделген модельге қарай ойысып келеді.

Әке болу – ерлердің 88,7%-ы үшін маңызды рөл

Бұл өзгерісті ер азаматтардың әке болуға деген көзқарасынан да байқауға болады.

ҚҚДИ-дің «Берекелі отбасының қалыптасуына әсер ететін факторлар» атты әлеуметтанулық зерттеуіне 2 400 респондент қатысқан. Оның нәтижесі бойынша ер азаматтардың 57,2%-ы әке болуды өмірдегі ең маңызды міндет деп есептейді.

Тағы 31,5%-ы әке болуды өмірінің басты аспектілерінің бірі ретінде бағалаған.

Демек, жалпы алғанда ерлердің 88,7%-ы бала тәрбиелеуді өміріндегі ең басты рөлдердің бірі деп санайды.

Бұл көрсеткіш әке болудың ер азамат үшін тек отбасылық мәртебе емес, оның өміріндегі маңызды міндеттердің бірі ретінде қабылданатынын аңғартады.

Асыраушыдан серіктеске айналу

ҚҚДИ зерттеулеріндегі деректер Қазақстанда дәстүрлі әке бейнесі бірден жоғалып, оның орнына мүлде басқа модель келгенін білдірмейді. Керісінше, бұрынғы рөлдер жаңа міндеттермен толығып жатыр.

Отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету мен қорғау әлі де әкелік жауапкершіліктің бір бөлігі. Бірақ оған енді баланың оқуына араласу, бос уақытын бірге өткізу, мәселесін шешуге көмектесу, кеңес беру және эмоционалдық қолдау көрсету қосылып отыр.

Сондықтан қазіргі әке бейнесін тек «асыраушы» деген бір ұғыммен сипаттау жеткіліксіз. Ол – баласының күнделікті өміріне араласатын, оның мәселесіне бейжай қарамайтын және отбасылық жауапкершілікті бөлісетін әке.

Яғни Қазақстандағы әке институтындағы басты өзгеріс әкенің отбасындағы орнын жоғалтуында емес, оның рөлінің кеңеюінде. Асыраушы әке бейнесінің қасына баласына жақын, тәрбиесіне қатысатын және отбасы өміріндегі жауапкершілікті бөлісетін серіктес әке бейнесі қосылып келеді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью