Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумда сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорадғы сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумда сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорадғы сілтеме жасап.
Көптеген беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты, деді Президент.
"Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған. Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді", - деді Президент.
Президенттің сөзінше, Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың "данг" сөзінен тамыр тартады. "Деньги" сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін.
"Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел. Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты. Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты. Атап айтқанда: Қытайдан – жібек, Үндістаннан – дәмдеуіштер, Ресей жерінен – тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен – қолөнер бұйымдары тасымалданды", - дпеді Президент.
Президент Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырғанын айтты.
"Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болды. Бұл ұстаным қалалардың тұрпатынан да анық байқалды. Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады".
ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР
12 мамыр 13:53 1
Алтын Орда дәуірінен қалған қалалардың материалдық-мәдени мұралары – соның айқын көрінісі. Ғалымдардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған, деді Президент.
"Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін озық инженерлік тәсілдер қолданылды. Мұны түрлі археологиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады. Сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады. Еуразияның түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды. Сол арқылы бүкіл аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашты", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Суреттер: Ақорданың баспасөз қызметі
Айта кетейік, Астанада "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, Алтын Орданың рөлі туралы айтты.
Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысып отыр. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!