Ақшамның айшықты бастамасы

27.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Зияткерлік алаңда халықаралық заңгер, БҰҰ-ның ең жас қазақ дипломаты болған Алмат Игенбаев оқу мәдениеті бар қоғам ғана зерделі ұлт қалыптастыра алатынына баса назар аударды. Оның пайымдауынша, бүгінгі елімізге қажет нәрсе – әлемнің озық тәжірибесін көзсіз көшіру емес, оны ұлттық ерекшелікке бейімдей білу.

Осы ретте спикер Ұлы­бри­тания мен Канада тәжі­рибесін мысалға келтірді. Батыс елдерінде баланың кітапқа деген сүйіспеншілігі мектептен емес, бесіктен, яғни анасының кітап оқуынан бастау алады екен. Сонымен қатар білім беруде жаттанды жүйеден бас тартып, баланы сыни ойлауға баулудың маңызы зор. Маман бала тәрбиесінде қателікті тізбелемей, жетістікке баса мән беру керектігін айта келе: «Бала – бір кітап, бір әлем. Ата-ана да – бір кітап, бір әлем. Сондықтан қандай кітапты оқу керектігін таңдап, оны қоғаммен бірге талқылай білу қажет», деп түйіндеді.

Мәселенің екінші жағына үңілсек, бүгінгі таңда кітаптың бас­ты бәсекелесі де, серігі де – технология. Осы орайда IT-сарапшысы Тимур Бектұр заманауи технологияларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу жолдары туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, жасанды интеллектіні қауіп ретінде қабылдамай, керісінше, оны балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыратын пайдалы құралға айналдыру қажет.

Сарапшы сөзін нақтылай түсу үшін қазақ әдебиетін жаңа форматта ұсыну мүмкіндіктерін атап өтті. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегімен «Абай жолы» роман-эпопеясының кейіпкерлерін сөйлетіп, тарихи тұлғаларды бейнеформатта таныстыруға болады. Демек, қазақ­тың мақал-мәтелдері мен ұлттық мұрасын заманауи цифр­лық платформаларға бейімдеу арқылы ғана жас ұрпақты кітапқа жақындата аламыз.

Десе де, кітапты қалай болса солай оқу мақсат емес. Алаңда ой қозғаған келесі маман – педагог-тренер Ескендір Бестай қазіргі жастардың кітап оқудағы басты қателіктеріне тоқталды. Қазіргі буын кітапты атүсті оқып, тұшымды тұстарын күнделігіне түртіп алу дағдысы азайғанын айтты. «Кітап емес, мақала оқыған болса да, оны бір-екі күн қорытып, ойлану, одан кейін оны жарты беттік қағазға түсіру керек. Осылай ғана біз оқуға тереңдей аламыз. Әрбір адам оқылмаған кітап күйінде қалып кетпесе екен»,  деді Е. Бестай.

Бұл ойды сценарист, креативті продюсер Рамазан Фаилов та қолдай түсті. «Кітапты ойланбай оқу – дұрыс емес дүние» деген ол кітап нарығында талғамның маңызын атап өтті.

Ал филолог Арын Құнан­байұлы әдебиеттің ұлт болмысын сақтаудағы рөліне тоқталды. Баланың дүниеге оқушы емес, алдымен тыңдаушы болып келетінін айтқан ғалым, сөз саптаудың негізі отбасында қаланатынын жеткізді.

«Жақ сөйлегеннен гөрі жан сөйлегенде сөз мәнді болады» деген спикер қазіргі қоғамда кітап оқу мен жазу мәдениетінің әлсіреуіне алаңдаушылық білдіріп, «қаламсыз ұрпақ – жазудан мақұрым, кітапсыз ұрпақ – оқудан мақұрым» екенін ескертті.

Зияткерлік алаңда тіл мамандары, мұғалімдер, студенттер мен ата-аналар сынды көптің қарасы қалың. Кеш қонақтарының арасында болған белгілі драматург-жазушы Роза Мұқанова сөз алып, сарапшылардың пайымды ойларына жоғары баға берді.

Сайып келгенде, технология дамыған заманда кітаптан алшақтау – үлкен қателік екенін заман ойшылдары айтып-ақ келеді Шерхан Мұртаза да «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деп бекер айтпаса керек. Өйткені оқу мәдениеті қалыптасқан жерде ғана ойлау мәдениеті орнығады, ал ойлайтын қоғам ғана қуатты мемлекеттің берік негізі болмақ.

Зарина ТАЙЛАҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью