Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Алаяқтар бұрын интернет-алаяқтарға алданып қалған азаматтардың деректерін тауып, қайта хабарласып жатыр. Кей зардап шегушілер әлеуметтік желідегі жалған жарнамалар арқылы өздері де соларға байланысқа шыққан.
- Өзін «заңгер», «қаржы кеңесшісі», «арнайы тергеу тобының өкілі» немесе «алаяқтардан зардап шеккендерге көмектесетін ұйымның қызметкері» ретінде таныстыратын белгісіз тұлғалар «сіздің ісіңізді білеміз», «алаяқтарға кеткен қаражатты қайтарып береміз», «біздің көмегімізбен ақшаңызды толық өндіріп алуға болады» деп азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Алайда бұл – алаяқтардың екінші рет алдау схемасы, - деп ескертті Абай облысы Полиция департаментінен.
Олар әртүрлі сылтаумен қызмет көрсету ақысын, мемлекеттік баж бен сақтандыру төлемін алдын ала төлеуді талап етеді. Осылайша, азаматтар тағы да ірі көлемде қаржылық шығынға ұшырайды.
- Құқық қорғау органдары ешқашан телефон, мессенджер немесе әлеуметтік желі арқылы ақша талап етпейді. Алаяқтарға кеткен қаражатты «жылдам әрі кепілдікпен» қайтарып береміз деу шындыққа жанаспайды. Ресми заңгерлер мен мемлекеттік органдар алдын ала төлем сұрамайды. Сондықтан егер сізге осындай қоңырау түссе ешқандай төлем жасамаңыз, дереу телефонды қойыңыз. Жеке деректеріңізді, банк картасының нөмірін, SMS-кодтарды айтпаңыз, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да алаяқтар «байланыс компаниясының қызметкері» болып халықты алдап жатқаны хабарланған.