Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Іс-шара Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өтті. Акцияға қорық қызметкерлері, ғалымдар, студенттер, оқушылар мен волонтерлер қатысты.
Ағаш егу шарасы Талас Алатауының бөктеріндегі, теңіз деңгейінен 1490 метр биіктікте орналасқан Жетісай шатқалында ұйымдастырылды.
Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы 1926 жылғы 14 шілдеде құрылған. Қорық аумағы 131 934,3 гектарды қамтып, Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігі мен Өгем жотасын алып жатыр. Ол Түркістан облысының Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудандары және Жамбыл облысының Жуалы ауданымен шектеседі. Қорық құрамына «Әулие» және «Қарабастау» палеонтологиялық бөлімдері кіреді.
2015 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясында қорық халықаралық биосфералық резерваттар тізіміне енгізілді. Ал 2016 жылы Ақсу-Жабағылы орналасқан Батыс Тянь-Шань трансшекаралық аймағы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енді.
Қорықтың жануарлар дүниесі бай әрі сирек кездесетін түрлерге толы. Мұнда құстардың 299, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11 және қосмекенділердің 3 түрі мекендейді. Қазақстанның Қызыл кітабына енген 9 жануар, оның ішінде қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні және арқар бар.
Өсімдіктер әлемі де алуан түрлі. Қорықта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі өседі, оның ішінде 41 түрі Қызыл кітапқа енгізілген.
– Біздің басты мақсатымыз – Ақсу мен Жабағылы өзендерінің бастау алатын, мұздықтары мен тау көлдері бар табиғи аумақты сақтап, оны болашақ ұрпаққа аман жеткізу, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Ақсу-Жабағылы тауларында Қызыл кітапқа енген қоңыр аю видеоға түсіп қалды.