Ақтау қаласының маңында ежелгі ескерткіштер барын білеміз бе

23.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Айман Керліқұлқызының айтуынша, Каспий теңізінің шығыс жағалауы ежелгі замандардан бері адам қоныстанған аймақтардың бірі болған. Әсіресе, теңіз маңындағы жоғары террасалар, құрғақ арналар мен жауын-шашын суын жинайтын ойпаттар алғашқы адамдар үшін қолайлы мекенге айналған. 

- Маңғыстау өңірі тарихи-мәдени мұраларға аса бай аймақтардың бірі. Археологтардың айтуынша, бұл өңірдегі ескерткіштер тек Қазақстан тарихы үшін ғана емес, бүкіл адамзат өркениеті үшін маңызды. Облыс орталығы Ақтау қаласының маңында да ерекше археологиялық нысандар бар. Сол көне қоныстардың бірі қаладан солтүстікке қарай 7 шақырым жерде орналасқан – Қосқұдық қонысы, - дейді маман.

Ескерткіш үлкен тұрғын үй қалдықтарынан және үй алдына шаруашылық қызметтері үшін тұрғызылған алаңдардан тұрады. Ол энеолит дәуіріне, яғни б.з.д. IV мыңжылдыққа жатады.

Археологиялық зерттеулер бұл жерде 30-35 адам бірге өмір сүрген ірі тұрғын үй болғанын анықтады. Қоныс тұрғындары аңшылықпен, балық аулаумен және терімшілікпен айналысқан.

Сонымен қатар, олар тас, сүйек, ағаш өңдеуді меңгеріп, қыш ыдыстар мен әшекей бұйымдар жасаған. 

- Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, үй қалдықтарын қазу үстінде археологтар тасқа иректеле кескінделген екі жыланға ұқсайтын суреттерді анықтады, бұл сурет тұрғындардың теңіз толқындарын қастерлейтінін білдіреді. Үй жанынан дәстүрлі жерленген адам қойылымы табылды. Құрбан сүйектері дөңгелек пішіндегі шұқырда тастармен араласа сақталған. Жасы 40-50 шамасындағы жерленген ер адамның басы батысқа бағыттала, сол жақ қырынан күржите жатқызылған. Зерттеушілердің болжауынша, бұл адам үйдің салынуы кезеңінде құрбан болған. Мәскеулік антропологтар сүйек қалдықтарынан осы адамның бас сүйегін құрастырып шығарды.

Ғалымдардың анықтауынша, жерленген адам – Арал-Каспий өңірін мекендеген европалық нәсілдің өте ежелгі антропологиялық түрі. Бұл Қазақстан территориясындағы қазірде табылып зерттелген өте ерте қойылым деп саналады, - дейді Айман Яриханова.

Ақтау қаласының маңынан табылған тағы бір археологиялық олжа - Қосқұдық-2 қонысы. Ол да қаланың солтүстік жағында орналасқан. 1984 жылы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мекемесінің мамандары тапқан. Қоныстың болжамды көлемі 1500 шаршы метрді құрайды. 2007 жылы Қосқұдық 2 қонысына жүргізілген қазба жұмысы барысында 256 шаршы метр алаң аршылды. 

Зерттеу алаңынан тұрғын-жай құрылысының бөлігі және өндірістік-тұрмыстық алаңның жер телімі – шаруашылық аумағы кіреді. Қоныстағы қазба жұмыстар нәтижесінде хвалын мәдениеттерінің материалдарымен салыстыруға келетін шақпақ тас және тас бұйымдарының үлкен жиынтығы мен қыш ыдыс сынығы, қабыршақтардан жасалған әшекейлер табылған. Бұл материалдар ескерткішті б.з.д. 4 мыңжылдықтың соңымен мерзімдеуге мүмкіндік берді.

Ал, Ақтау қорымы - Б.з.д. 13-11 ғасырларда қаланың қырат тәрізді биіктеу келген солтүстік жағында орналасқан. Кешен 2 қабірден және құрбандықшалу орны мен 3 меңгірден тұрады. Қабір құрылыстары қатты қираған. Сонымен қатар, ерте заманда-ақ тоналған анықталған. 

 - Жәшіктегі қаңқа сүйектері бастапқы орындарынан ауыстырылған. Батыс жақ бөлігінде түбі жалпақ, дөңгелек кесінді түріндегі және ернеуінде қарапайым шыршы өрнегі бар жабыстырма әдісімен жасалған ыдыс жатты. Жерлеу орны мен қоршау арасындағы кеңістік сакралды, таза болып шықты. Қоршау маңайында сырт жағынан құрбандық шалу, еске алу рәсімінің іздері (күл дағы, жабыстырма ыдыс сынығы, жануар сүйектері) бар екені анықталды, - дейді маман. 

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы экскурсия-көпшілік бөлімінің меңгерушісі Айман Яриханованың мәліметінше, Маңғыстау өңіріндегі әрбір археологиялық ескерткіш адамзаттың ежелгі тарихынан сыр шертеді. Бұл нысандарды зерттеу – өткенді танудың ғана емес, мәдени мұраны сақтаудың да маңызды бөлігі.

Бұған дейін, Маңғыстауда Сисем ата қорымы батырлар пантеоны деп аталатындығы жайында жазған болатынбыз

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью