Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Теңіз пирсінде Әскери-теңіз күштерінің зымыранды-артиллериялық корабльдерінің экипаждары мен әртекті корабльдерінің жеке дивизионын қамтамасыз етуші кемелерінің К-1 курстық сынағының соңы корабльдердің жауынгерлік оқу-жаттығуымен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл кезең теңізге шығуға дайындықтың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады және бұл сынақ берілген міндеттер бойынша экипаждардың тапсырмаларды орындау дайындығын қамтамасыз етуге бағытталады.
К-1 курстық тапсырмасын орындау кезінде жеке құрамның корабльдерді қалыпты жағдайда ұстауға әзірлігі бойынша кешенді тексеру жүргізілді. Жауынгерлік оқу-жаттығу сынағы барысында әскери қызметшілер тілсіз жауды ауыздықтап, сөндіруі, одан бөлек өзге де апатты жағдайлардың алдын алу жөніндегі практикалық іс-қимылдарды пысықтады.
Экипаждың үйлесімді іс-қимылына, шұғыл шешім қабылдауына және кемені қорғау шараларының тиімділігіне баса назар аударылды. Тексеріс қорытындысы бойынша, жеке құрам жоғары кәсіби дайындығын танытып, шектеулі ресурстар жағдайында тез және ұйымдаса әрекет ету қабілетін көрсетті.
– К-1 курстық тапсырмасын ойдағыдай аяқтағаннан кейін зымыран-артиллериялық корабльдер жауынгерлік даярлықтың келесі кезеңі, яғни К-2 курстық тапсырмасын пысықтауға кіріспек, – деді дивизион командирі, ІІ дәрежелі капитан Руслан Яхьяров.
Алдағы теңіз кезеңінде экипаждар теңіздегі, әуедегі және жағалаудағы нысандарға зымырандық және артиллериялық атыс соққыларын жүргізеді. Бұл қару-жарақты ұрысқа неғұрлым жақын жағдайда дәл әрі тиімді қолдануды тексеруге мүмкіндік береді. Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлері атыс жаттығуларын орындауға осы айда кіріседі.
Мұндай іс-шаралар экипаждардың жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіре түсіп, жеке құрамның кәсіби шеберлігін арттыруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға ықпал етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.