Ақтауда дәрігерлер клиникалық өлім күйіне түскен науқасқа күрделі отаны сәтті жасап шықты

18.12.2025

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында нейрохирургия саласындағы сирек әрі жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін оксипитоспондилодез операциясы сәтті жасалды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

Күрделі ота жол апаты салдарынан ауыр жарақат алған науқасқа жүргізілді.

Науқаста одонтоидты өсінді мен екінші мойын омыртқасының доғасы сынған. Жарақаттың ауырлығына байланысты ол алғашқы күні клиникалық өлім жағдайына түскен. Осыған орай науқас жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынды.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай деңгейдегі жарақаттар өмірге аса қауіпті.

"Бұл аймақта ми бағанасы орналасқан. Ол тыныс алу, жүрек соғысы, қозғалыс пен сезімталдықты басқарады. Омыртқаның осы бөлігіндегі кез келген қозғалыс жұлынның зақымдалуына және ауыр салдарға әкелуі мүмкін", – деді нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Думан Мырзабеков.

Операция сәтті өтіп, науқас отадан кейінгі алғашқы күні өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды. Ал келесі күні өздігінен жүре бастады. Қазіргі таңда ол аурухананың оңалту бөлімінде қимыл-қозғалысты қалпына келтіру жаттығуларын жасап, қарқынды ем қабылдап жатыр.

Оксипитоспондилодез — желке сүйегі мен мойын омыртқаларын бекіту арқылы омыртқаның тұрақтылығын қалпына келтіретін аса күрделі нейрохирургиялық операция. Ол жұлын мен ми бағанасын зақымданудан қорғау мақсатында жасалады және медициналық тәжірибеде сирек қолданылады.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью