Ақтауда Мейірім қақпақшалары экоакциясы өтіп жатыр

25.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Пластик қоқыс емес, қайта өңделетін қажетті шикізат.

Кәдімгі пластик бөтелкенің қақпағын да кәдеге жаратуға болады. Мысалы, Ақтауда  «Мейірім қақпақшалары» деген атаумен экоакция өтіп жатыр. Дәстүрлі шара қоршаған ортаны қорғап, экомәдениетті қалыптастыруға арналған. Яғни қатысушылар көшелерден қақпақ жинап, қайта өңдеуге тапсырады. Түскен ақшаны емге мұқтаж жандарға береді. 

Жанұясымен жүріп, қақпақ жинайтындар бар. Табу қиын емес. Қазір пластик бөтелке аяқтың астында жатыр. Экоакция осымен төртінші жыл қатарынан өтуде. Қаладағы оқу орталығының 60 оқушысы жобаға үнемі қатысады. Ұстаздар балаларға пластик қақпақтың қайта өңделетін шикізат екенін айтып түсіндірген. 

Бекзат Тілеубеков, оқушы:

- Біз табиғатты ластағымыз келмейді. Сол үшін көшеде жатқан қоқысты контейнерге салып жүреміз. Балаларды пластик қақпашаларды жинап, осы акцияға қатысуға шақырамын.

Евгения Воробьева, оқу орталығының директоры:

- Соңғы үш жылда 150 келі қақпақша жиналды. Ендігі кезекте балаларға макулатура, пластик заттарды сұрыптауды үйретіп жатырмыз.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, былтыр қала көшелерінен 1 тоннадан астам пластик қақпақ  жиналған.  Қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорынға тапсырып,  түскен ақшаны науқас балаларды қолдау қорының есепшотына аударған.

Оксана Сидельникова, әлеуметтік жоба жетекшісі:

- Жоба бастапқыда Ақтауда басталды. Қазір республика көлемінде өтіп жатыр. Астана, Алматы қаласы мен Жамбыл облысының мектептері бізді қолдап, көшеде жиналған пластик қақпақшаларды жібере бастады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтауда басталған экоакцияға қазір еліміз бойынша 23 мектептің оқушылары қатысуға ниет білдірген. Жалпы бұл бастамаға кез келген адам атсалыса алады. Ол үшін қоғамдық орында жатқан пластик бөтелке қақпағын жинасаңыз жеткілікті. Шикізатты қайда тапсыру керектігі жайлы ақпарат әлеуметтік желідегі «Мейірім қақпақшалары»  парақшасында жазылған.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью