Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Кешке Ақтау қаласының 10 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы жиналып, ол күннің ең жарқын оқиғаларының біріне айналды.
«Әділет» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған ауқымды шара қоғамдағы бірлікті нығайтуға, ұлттық мәдениетті қолдауға, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және заманауи қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталды.
Кештің басты көркі жүздеген дронның қатысуымен өткен ауқымды жарық шоуы болды. Ақтау аспанында бірінен соң бірі Қазақстан картасы, еркіндік пен тәуелсіздіктің символы саналатын қыран бүркіт бейнесі пайда болып, шоу соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы бейнеленді. Жарық шоуы музыкалық бағдарламамен сүйемелденіп, ашық аспан астындағы мерекенің шарықтау шегіне айналды.
Концерттік бағдарлама әртүрлі жастағы көрерменнің басын қосты. Кеш бойы сахнада танымал қазақстандық өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермендерге нағыз жазғы мерекенің атмосферасын сыйлады. Амфитеатрға балаларымен келген отбасылар, жастар және қала қонақтары жиналып, әншілерге қосылып ән айтып, өнерпаздарға қолдау көрсетті.
Open Air кеші «Әділет» партиясы Республикалық сайлауалды штабының Маңғыстау облысындағы мазмұнды бір күндік жұмыс сапарының қорытындысы болды.
Сапар барысында партия өкілдері партия төрағасы Айбек Дәдебайдың жетекшілігімен Ақтау жұртшылығымен, «ҚазАзот» АҚ еңбек ұжымымен, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының қызметкерлерімен, балық шаруашылығы саласының өкілдерімен және теңіз сервистік ұйымдарының қызметкерлерімен кездесті. Күннің екінші жартысында штаб мүшелері Жаңаөзенге барып, қаладағы мұнайшылармен және жұмыс істейтін жастармен жүздесті.
Кездесулер барысында партия өкілдері «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Басқосуларда өнеркәсіпті дамыту, мұнайды терең өңдеу, еңбек адамының құқықтарын қорғау, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, цифрлық технологияларды енгізу және жастардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өңір тұрғындарының ұсыныстарына ерекше назар аударылды. Олар жүйеленіп, Республикалық сайлауалды штабқа жолданады.
Маңғыстау облысына жасалған сапар «Әділет» партиясының өңірлердегі сайлауалды үгіт-насихат науқанының екінші кезеңі. Бұған дейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Түркістан облысында болып, онда да бірқатар кездесу өткізген еді.