Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Ақтау қаласының тұрғыны Оксана Терехина 8 жыл бұрын «2-типті қант диабетінің асқынулары» диагнозымен есепке алынған. Аурудың салдарынан оның сол көзі толық көрмей, аяғында жазылмайтын жара пайда болған. Созылмалы аурумен күресуге оған «Трулисити» препараты көмектескен. Алайда, биыл жыл басынан бастап аталған дәрі тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімінен алынып тасталған. Салдарынан науқастың қан құрамындағы қант деңгейі күрт көтеріліп, ауыр жағдайға душар болған.
Фото: Аягөз Ізбасарова– Дәрім бітіп қалды. Қабылдамағаныма үш апта болды. Қазір менде қант мөлшері өте жоғары болып тұр. Соның салдарынан өзімді өте нашар сезінемін. Менің көзім көрмейді, аяғымда жара бар, маған бұлай жүруге мүлдем болмайды. «Трулисити» препараты маған жақсы көмектеседі. Оны қабылдағанда қант деңгейі шамамен 10-ға дейін түсетін. Қазір 25-ке дейін көтеріліп тұр. Бұл дәрі маған сәйкес келетін, себебі ол қантты төмендетуге көмектеседі. Себебі, менде инсулинге төзімділік бар, - дейді Оксана Терехина.
Науқас әйел аяғы мен көзіне бірнеше рет операция жасатқан. Ал, «Трулисити» препараты жағдайын тұрақты деңгейде ұстауға көмектескен. Енді бұл дәрінің жоқтығынан денсаулығы күннен-күнге нашарлап барады.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша бас маманы Жанар Төлебаеваның айтуынша, «Трулисити» препараты өмірлік маңызы бар дәрілер қатарына жатпайды. Яғни, бұл дәрі диабетті емдеудегі негізгі препараттар қатарына кірмейтін болып шықты. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің формулярлық комиссиясының шешімімен, биылдан бастап оны беру тоқтатылған.
Фото: Аягөз Ізбасарова– Бұл препарат әрқашан қосымша ем ретінде қолданылып келген. Қазіргі таңда тиісті бұйрыққа сәйкес бізде қант диабетін емдеуге арналған 9 препарат және 7 түрлі инсулин сақталған. Сонымен қатар диабетпен ауыратын балалар инсулин енгізуге арналған помпалармен қамтамасыз етіледі, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша бас маманы Жанар Төлебаева.
Айта кетейік, аймақта «Трулисити» препаратын шамамен 20 адам қабылдап келген. Енді, бұл науқастар ағзаларына сәйкес дәріні қайдан табарын білмей отыр. Өйткені, бұл препарат елімізде сатылмайды, шетелден сатып алу қалтаға салмақ түсіреді. Себебі, «Трулисити» 4 шприцтің бағасы шамамен 100 мың теңге тұрады.
Ал, денсаулық сақтау басқармасының өкілі науқастарға «Трулиситиге» балама препаратқа көшуге кеңес берді.
Бұған дейін, Ақтауда коммуналдық кәсіпорынға айыппұл салынып, тариф арзандағанын жазған болатынбыз