Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Ақтауда оңалту орталығы соңғы үш жылда екі мыңнан астам баланы сауықтырды.
«Қамқорлық» мекемесі неврологиялық, туабітті жүрек сырқатына шалдыққандарды қабылдайды. Жарақат алған жеткіншектерге, сондай-ақ операциядан кейінгі емдеу шараларын көрсетеді. Дәрігерлердің дәл диагноз қоюына соңғы үлгідегі медициналық құралдар сеп болған. Балалардың тез аяққа тұруына көмектесетін жабдықтар «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен алынған.
«Қамқорлық» орталығы 1 жастан бастап кәмелет жасқа толғанға дейінгі балаларды қабылдайды. Күрделі операциядан шыққандар өздігімен жүріп-тұруы үшін оңалту курсынан өтеді. Дәрігерлер науқасқа дененің тепе-теңдігін ұстауға, сөйлеу қабілетін қалпына келтіруге көмектеседі. Айнұр есімді әйел перзентін осында әкелгелі бері оң өзгерістің барын байқапты.
Айнұр Сағындықова, қала тұрғыны:
- Қызым отырмайтын еді. Отырып тұра бастады. Енді жәйлап қолтығынан ұстап, демеп жүруіне істеп жатырмыз.
Оңалту курсы қажетінше 25 күнге дейін жалғасады. Осы аралықта бала емдік тренажерде күнделікті түрде жаттығады. Сумен сауықтыру процедуралары, сенсорлық және интерактивті емдеу бөлмелері жеткіншектің ағзасын тез ширатады. Қазір орталықта 39 кәсіби маман жұмыс істейді. Күндізгі станционар, 37 төсек-орындық қабылдау бөлімшесі бар.
Гаухар Қазыбекова, оңалту орталығының бөлімше меңгерушісі:
- Бейнеуде орталық ашылды. Ол орталықтың да құрал-жабдықтары «Самұрық-Қазынаның» көмегімен жасалды. Нейрохирургия. Кардиология-кардиохирургия және травматология-ортопедия бағыттарымен балаларды қабылдаймыз. Балаларды оңалтуға керек болған құрал-жабдықтардың барлығы да бар.
Ақтаудағы орталық жылына 600 адамға дейін қабылдай алады. Биыл қаңтар айы басталғалы бері 55 сәби мен жеткіншек емделіп жатыр. Олардың ата-анасы баласының дерттен құлан-таза айығып шығатынына сенеді. Айта кетсек, «Самұрық-Қазына» қоры жыл сайын 1 млннан астам адамға көмек көрсетеді. Былтырдың өзінде жалпы сомасы 12,5 млрд теңге болатын 39 әлеуметтік жоба іске асты. Қордың әлеуметтік бастамалары инклюзия, медицина, білім беру, мәдениет және спорт салаларын қамтыды.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев