Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Маңғыстау облысына балықтан уланған науқастарға көмек көрсету үшін Алматы мен Астанадан мамандар жіберілді, - деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
Не болды?
Маңғыстау облысында үй жағдайында салқын ысталған балық жеген үш ересек адам мен 9 жастағы бала ботулизм күдігімен ауруханаға жатқызылды.
Зардап шеккендердің бәрі 17 қыркүйекте сағат 20:00 мен 21:00 аралығында балық жеген. Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйекте кешке пайда болып, науқастар медициналық көмекке 19 қыркүйекте жүгінген.
Кеше жағдайы ауырлаған 9 жастағы Бекарыс Қанатбайдың туыстары өңір билігіне Ақтауға республикалық деңгейдегі мамандарды жіберуді және баланы санитарлық авиациямен тасымалдау мүмкіндігін қарастыруды сұрап өтініш білдірді.
Отбасының айтуынша, баланың жағдайы ауыр, айтарлықтай оң динамика байқалмайды.
Әкімдік пен Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?"Біз балаға толыққанды медициналық көмек көрсету қажет және жоғары білікті мамандардың кеңесі керек деп санаймыз", - делінген үндеуде.
Маңғыстау облысының әкімдігі бүгін қажетті медициналық көмек көрсету үшін өңірге екі дәрігер шақыртылғанын хабарлады.
"Науқастардың, оның ішінде баланың жағдайы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бақылауында",- деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Біз пікір алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне хабарластық. Министрлік Ақтауға расымен де дәрігерлердің ұшып шыққанын растады.
"Бүгін тұрақты рейстермен екі маманды жіберіп жатырмыз: реаниматолог Алматыдан сағат 15:35-те, инфекционист Астанадан сағат 19:00-де ұшады", - деп нақтылады министрліктегілер.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәліметінше, 2023 жылдан 2025 жылдың қарашасына дейін Қазақстанда ботулизмнің 78 жағдайы тіркелген, оның ішінде төртеуі 14 жасқа дейінгі балалар, екеуі жасөспірімдер арасында. Бес адам қайтыс болған.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу