Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
- Дамир, зергерлік өнерге қалай келдіңіз?
- Менің өнерге қызығушылығым бала кезден басталды. Алдымен сурет салумен айналыстым. Кейін Маңғыстау өнер колледжінде суретші, мүсінші мамандығын меңгердім. Одан соң Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Зергерлік іс» мамандығы бойынша білім алдым. Сол жерде тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, зергерлік өнердің қыр-сырын терең меңгердім. 2020 жылы Ақтауға келіп, өз шеберханамды аштым.
Фото: Зергер Дамир Төребайдың жеке мұрағатынан- Қандай бағытта жұмыс істейсіз?
- Негізінен ұлттық нақыштағы әшекейлерді жасаймын. Әсіресе Батыс Қазақстан өңіріне тән сіркелеу, зерлеу тәсілдерін қолданамын. Бұрынғы көне бұйымдардың пішіні үлкен болған, ал мен оларды қазіргі заманға ыңғайлап, күнделікті тағуға лайықтап, кішірейтіп жасаймын. Бірақ көне элементтерін сақтауға тырысамын.
Фото: Зергер Дамир Төребайдың жеке мұрағатынан- Қандай бұйымдарға сұраныс жоғары?
- Бойтұмар, құдағи жүзік, оймақ жүзік сияқты ұлттық бұйымдарға сұраныс көп. Қазір тек күміспен жұмыс істеп жатырмын. Алдағы уақытта алтынмен де жұмыс істеуді жоспарлап отырмын.
Фото: Зергер Дамир Төребайдың жеке мұрағатынан- Бір бұйымды жасау қанша уақыт кетеді?
- Бір сақинаны жасауға шамамен 4-7 күн кетеді. Ал толық жиынтықты (сақина, сырға, алқа) 20-30 күнде дайындаймын.
Фото: Зергер Дамир Төребайдың жеке мұрағатынан- Кәсіпті бастауға мемлекет тарапынан қолдау болды ма?
- Иә, оқу бітіргеннен кейін «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы грант ұттым. Кейін облыстық деңгейдегі «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасынан да қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Сол қаражаттарға шеберханамды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттім. Алдағы уақытта жаныма бірнеше жұмысшы алуды жоспарлап отырмын. Олардың жұмыс орындарын да дайындап қойдым.
Фото: Зергер Дамир Төребайдың жеке мұрағатынан- Қазіргі таңда тапсырыс қай өңірлерден келеді?
- Бұйымдарға сұраныс өте жоғары. Маңғыстау өңірінен бөлек, Астана, Павлодар, Семей қалаларынан да тапсырыс берушілер бар. Қазір шеберхананың жанынан шағын дүкен ашып, дайын бұйымдарды да сатуды бастадым.
Фото: Зергер Дамир Төребайдың жеке мұрағатынан- Сізді не шабыттандырады? Жаңа идеяларды қайдан табасыз?
- Көбіне музейлерге барып, көне бұйымдарды зерттеймін. Сонымен қатар шетелдік дизайнерлердің жұмыстарын көп қараймын. Сол арқылы ұлттық өнерді заманауи бағытта дамытуға тырысамын.
Фото: Зергер Дамир Төребайдың жеке мұрағатынан- Зергер болу оңай ма? Бұл кәсіптің қандай қиындықтары бар?
- Зергер болу үшін ең бастысы – табандылық пен шыдамдылық қажет. Сондай-ақ, сурет салу қабілеті өте маңызды. Себебі кез келген дизайнер, сәулетші немесе зергер үшін бейнелеу өнері қажет. Ал, қиындығы – бірден көп табысқа шығу қиын. Табыс - тәжірибемен, сеніммен келеді.
Бұған дейін, Маңғыстаудағы Бекет ата жерасты мешіттерінің тарихы туралы жазған болатынбыз.