Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигонының жанына тұрмыстық қатты қалдық төгу дерегін тіркеген экологтар тексеру жұмысын жүргізді. Қоқыс тасымалдайтын «NEO PLUS» ЖШС және сол кезде полигонды сенімгерлік басқаруға алған «Таза әлем 12» компаниясы назарға ілікті. «NEO PLUS» ЖШС полигон маңындағы қоршалған аумақты қоқысқа толтырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Тексеруден соң кемшілік жойылды. Ал «Таза әлем 12» компаниясының басшысы экологтармен кездесуден бас тартты.
— «Таза әлем 12» компаниясына қатысты тексеруді аяқтай алмадық. Себебі компания басшысы тексеруге қарсы болып, кедергі келтірді. Тексеру туралы актімен таныспай, қашқақтады. Тек телефон арқылы сөйлесіп отырды. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес біз алдын ала актімен таныстыруымыз керек. Сондықтан тексеру тоқтатылды. Кодекс талабы бойынша 5 жұмыс күні ғана берілді. Қоқыс полигон жанына жиналған соң департамент қала әкімдігіне шара қабылдау туралы хат жолдады. Ақтөбе қалалық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сол маңды ішінара тазартты. Соған қарамастан бөлім басшысы әкімшілік, тәртіптік жазаға тартылды. Бұл жұмыс биыл жалғасады. Қар түсіп кеткенде қоқысты түгел жинап үлгермеген болуы мүмкін, — Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.
Экологтарға хабарлама түскен кезде «Таза әлем 12» компаниясының ескі полигондағы қоқысты қайта қазып алғаны туралы айтылған. Алайда бұл деректің рас, өтірігін тексеру мүмкін болмады.
— Кәсіпкерлік кодекстің олқы тұсы да бар. Хатты мекенжайына тапсырыспен жіберсек те қабылдамады. Тексеруге кедергі келтіргені үшін жаза қарастырылмаған, — деді Талап Ұснадин.
Еске салсақ, күзде қоқыс полигоны жанындағы алаңда тұрмыстық қатты қалдық төгілді. Экологтар сол кезде тексеру бастады. Ал полигонды сенімгерлік басқаруға алған «Таза Әлем 12» ЖШС қоқыс шығарушыларды да, әкімдікті де сотқа беретінін хабарлады. Ол бұған дейін тасымалдаушылардың келісімшартқа отырмағанын, бір теңге де төлемегенін, бірнеше ай өтсе де өтінішке құлақ аспағанын айтты.