Azh.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
«АЖ» мұрағатынан алынған сурет / Ақтөбе-Лаэти қалашығындағы қазба жұмыстары, 2025 жыл2025 жылдың күзінде билік өкілдері келісімшартқа қол қойылғанын және жұмыстарды бастауға дайын екенін мәлімдеген еді. Алайда көне қалашық аумағында техника да, мердігер компания да болмады.
Құжаттар банк рәсімдерінен өтпей қалғандықтан, келісімшарт бұзылды. Жоба 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілгенімен, әзірге қаржыландыру расталған жоқ.
Мәдениет басқармасына қарасты Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, сол кезеңде жобаға қаржы бөлініп, құрылыс басқармасы арқылы конкурстық рәсімдер ұйымдастырылған. Алайда құжаттардағы сәйкессіздіктерге байланысты шарт банктік рәсімдерден өтпей қалған. Кейіннен шарт мәдениет басқармасы арқылы қайта қаралғанымен, ол да талаптарға сай келмеген.
Осыған байланысты барлық құжаттар қайта реттеліп, жоба 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар тізіміне енгізілді.
«Қазіргі уақытта қажетті құжаттар толық дайын. Алдағы конкурстық жұмыстарды тапсырыс беруші ретінде құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр, Жобаның құны бұрынғы деңгейде қалды, бірақ қаржы бөлінген-бөлінбегенін білмеймін», - дейді Толыбай Достыбаев.
Бұған дейін жазғанымыздай, 2025 жылғы 29 қазанда Атырау облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы «Жалынды құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасаған. Компания басшысы – Ғалымжан Халел. Шарт құны 606 млн 320 мың теңгені (ҚҚС-сыз) құраған. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүргізілуі тиіс болған, ал шарттың қолданылу мерзімі 2026 жылдың соңына дейін деп белгіленген.
Атырау облысында «Ақтөбе-Лаэти» қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру жобасы аясында әкімшілік ғимарат, ангар, садақ ату алаңы салу, сондай-ақ аумақты абаттандыру мен көгалдандыру көзделген.
Сонымен қатар, жобада ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары қарастырылған. Мамандар тоғыз ай бойы қалашықты кезең-кезеңімен зерттеп, тарихи құндылығын сақтай отырып қалпына келтіруді жоспарлаған.
Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 18:31