Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
— Музейге келген әр адам «қыздың жиған жүгіндей» жиналған экспонаттарды рет-ретімен көріп, таныса алады. Бірақ оның артында үлкен ұжымның еңбегі тұр. Соның ішінде суретші-қалпына келтіруші маманның үлесі қандай?
— Өзім тарихшы-филолог маманмын. Соған қарамастан құрылыста еңбек еттім, кейін Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде төрт жыл бойы қор бөлімін басқардым. Қор бөлімінде жүріп экспонаттарды сақтау, олардың қалпын бұзбай жинау, зерттеуді үйрендім. Қазір мол тәжірибенің арқасында қалпына келтіру саласын меңгеріп жүрмін. Әрі республикалық реставраторлардың ортақ чатында тәжірибе алмасамыз. Бұрын-соңды кездеспеген жәдігерге тап болсақ, фотосын түсіріп, сол чатқа салып жібереміз. Олар келіп жасап бермейді, өз ақыл-кеңесін ғана береді. Тағы бір айта кетерлігі, әр қалпына келтірушінің өз ерекшелігі, артықшылығы болады. Ол өзінің ғана қолынан келетін дүниені, құнияны ешкімге ашып айтпайды.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform— Енді қалпына келтіру жұмыстарына тоқталсақ… Қазір музейдің алтын қорында, көпшілік назарына ұсынылған сөреде қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары өте көп. Оның ішінде күмістен жасалғаны, алтынмен қапталғаны да бар. Әр жәдігер бір-бірінен өтетіндей әдемі, ерек. Дәл сол қалпын қалай сақтап қалуға болады?
— Иә, музейдегі әшекейлер бұрышында сырға, сақина, белезік, қарсы ілгек, шашбау секілді бұйымдар бар. Күміс әшекейлер уақыт өте келе, әрбір 4-5 жылда қарайып кетеді. Қарайған соң ажарынан айырылады. Сондықтан біз оны әрбір 3-4 жыл сайын тазалап отырамыз. Күмісті тазарту әдісі әр алуан. Бастысы —зергерлер жасаған ою-өрнекті, нақышын бұзып алмау керек. Ол үшін тіні жұмсақ щетка пайдаланамыз. Сол щетканың көмегімен ас содасы, тіс пастасы мен асқын тотығынан (перекись-ред.) жасалған арнайы қоспаны, сұйықтықты пайдаланамыз. Тазарған соң жылтырату үшін арнайы паста қолданылады. Міне, осы сатыдан өткен әшекей кім-кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Сонымен бірге қолға алған әшекейдің қай жерден табылғаны, кімнің таққаны және металл құрамы туралы жан-жақты ақпарат аламыз. Бұл мәліметтер ғылыми қызметкердің қолында болады. Одан ғылыми кеңес қалпына келтіру туралы шешім қабылдайды.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform— Ал тері бұйымдарын қалай қалпына келтіруге болады?
— Теріден жасалған бұйымдардың ішінде ат әбзелдерінің орны ерекше. Қайыстан өрілген қамшылар көп тұрса тас болып қатып қалады. Қатты болса, сынғыш келеді. Оны жылқы майымен майлаймыз. Жіпсіген соң тазартып, қайта іліп қоямыз. Ол табиғи әрі ата-бабамыз қолданған тиімді әдіс.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform— Алтын, күміс емес, өзге де металл бұйымдар көп музейде. Оларды да тазарта ма?
— Мәселен қазір болыс, старшиналардың медалін келуші назарына төрт сатыда ұсынып отырмыз. Төрт саты, тазартудың төрт кезеңі. Бәрін бірдей жылтыратып қоймадық, көмескі тартқаны да бар. Ал көзді табаққа қарасақ көздің жауын алып тұр. Оны түгел тазартпадық, тек жеңіл қалпына келтірдік. Соның өзінде алтын жалатылған табақ бірден көзге түседі. Қасық, пышақ, түрлі металдан жасалған бұйымдар ұзақ сақталса қарайып, тартымсыз болып қалады. Ал тазартып тұрса, ажары кіреді. Сондықтан аптасына бір рет қарап шығамыз. Кейін залдың мамандарына тазарту керек екенін айтамыз. Мамандар келіп ашып, алып, тазартуға жібереді. Музейде компастың темір бұйымын жылтыратып қойдық. Ал әйнегі көмескі тартып тұр. Бұл дұрыс шешім болған сияқты. Соғыс жылдарындағы орден, медальдар да бар. Олар да уақыт өте келе тот басып, жазулары көрінбей қалады. Егер тапсырған ұрпақтары келіп қараса, тот басып тұрғанын көрсе, реніш тууы мүмкін. Сондықтан оған да үлкен жауапкершілікпен қараймыз.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform— Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазір киіз үй үлгісі жасақталды. Мұның қандай ерекшелігі бар?
— Музейде қазақтың киіз үйі бар. Ол көрме залында әрі адамдардың кіріп, бұйымдарды ұстап көруіне шектеу қойылған. Сондықтан тағы бір үлгісін жасауға шешім қабылданды. Енді бұл көрме залы ғана емес, салт-дәстүрмен, ұлттық өнермен танысуға мүмкіндік беретін бұрыш болады. Мұндағы шаңырақты өзім темірден иіп жасадым. Уықтары да әдеттегіден ұзын болды. Ағаштарды жанама кесіп, желімдеп, кейін қайысты орап, бекітіп қойдым. Сандықша, алаша, құрақ көрпе, теріден тігілген сырт киімдер, ұлттық аспап бәрі осы музейдің қорындағы құнды дүние. Киіз үйді жасақтаған кезде іріктеп, таңдап, кейін орындарына қойдық. Қазір көздің жауын алар әдемі бұрыш шықты.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform— Музейдегі экспонаттарды ұстап көруге болмайды. Бұл сақтау, қорғау шарасы болар?
— Иә, жәдігердің құндылығын жоғалтып алмауымыз керек. Алайда екінші киіз үйді жасақтаған кезде жаңа ой туды. Бұл ой көп талқыланып, ұсыныс қабылданды. Алдағы уақытта киіз үйге келушілер экспонаттарды ұстап көріп, төрде ілулі тұрған домбыраны шерте алады. Диірмен тартса, тоғызқұмалақ ойнатса да болады. Сөйтіп қазақтың салт-дәстүрі мен өнерін танытуға мүмкіндік бар. Бір айта кетерлігі, аспаптар, соның ішінде домбыра көп тұрса ішегі үзіліп, кейде тиегі жоғалып, құлағы сынып қалады. Ал қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Ол үшін домбырадағы лакты алып, тазартып, ою-өрнегін қайта салып, ағашы көтерілсе алмастырып, қайта желімдеп, реттейміз. Құлағының бұрауын да келтіремін. Тек бұл аспапты осы күйінде жиі қолға беруге болмайды. Шешімі — келушілерге арнап сатып алу. Бұл алдағы уақытта іске асатын жұмыс.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform— Ақылдасамыз, кеңес аламыз деп айттыңыз… Кімдер ақылшы…
— Көбіне Ресей, өзге де шетел рестовраторларының шеберлік сабағына қатысамыз. Солардан керегін аламыз. Ең бастысы — өз-өзіңді дамытып отыруың керек. Негізі бірінші кезекте келушілер көретін экспонаттарды қалпына келтіреміз. Қордағы заттарды содан кейін реттейміз. Бір орындықты қалпына келтіру үшін матаны өзге қаладан тапсырыспен алдырып отырмыз. Бұл көп уақытты қажет етеді. Әрі менің ойымда қалпына келтіруші қажетті затты өзінің таңдағаны дұрыс. Қарап, ұстап көрмесе тапсырыспен алдырған дүние түпнұсқа емес, көшірме болуы мүмкін. Музей — біздің өткеніміздің, тарихымыздың айнасы. Әр жәдігерді боямасыз сақтау, қаз-қалпында ұсыну біздің міндет.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform