Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 5 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан топтық су құбырын салуға арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлады үкімет.
Жоба тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, коммуналдық желілерге түсетін жүктеме артып келе жатқан Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағын аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
"Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында мұнда 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады. Сондай-ақ топтық су құбыры салынып, желілер тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары биыл басталады", - деп жазылған хабарламада.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Ақтөбе қаласының тұрғындары, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарындағы елді мекендер тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде облыс орталығының қарқынды дамып жатқан аудандарының өсіп келе жатқан сұранысын өтеу үшін тәулігіне 25 мың текше метр су бағытталады.
Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге жеткілікті, дейді үкіметте.