Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Ақтөбе облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық схема «Telegram» мессенджері арқылы жүзеге асырылған және «қашықтан сату» қағидаты бойынша жұмыс істеген.
Тапсырыстар қашықтан қабылданып, төлемдер «дропперлер» деп аталатын тұлғалардың банктік карталары арқылы жүргізілген, бұл қылмыскерлерге ұзақ уақыт бойы өздерінің заңсыз әрекеттерін жасырып келуге мүмкіндік берген.
Жедел-тергеу іс-шаралары мен ақша қаражатының қозғалысын талдау нәтижесінде қылмыстық топ қатысушылары Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарының аумағында, сондай-ақ Астана қаласында ұсталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болған 6 адам ұсталды.
Заңсыз айналымнан 10 кг астам психотроптық заттар тәркіленді.
Осы дерек бойынша өткен жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысының арнайы прокурорлары «Qymyz shop» интернет-дүкені арқылы еліміздің аумағында психотроптық заттарды өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады.
Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде интернет-есірткі дүкенінің қызметі толық әшкереленіп, жойылды.
Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
2026 жылғы 16 наурызда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 қатысушысы кінәлі деп танылып, 15 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Айта кету керек, биылғы жыл басынан бері облыс прокуратурасы уәкілетті органдармен және жұртшылықпен бірлесіп, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және есірткінің таралуының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Мәселен, еріктілер мен колледж студенттерінің қатысуымен интернет-есірткі дүкендерін жарнамалайтын 20-дан астам граффити жазбалары анықталып, жойылды.
Осы фактілер бойынша 2 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді, оның ішінде оқу орындарында 300 дәріс, 80 кездесу және жастар арасында есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған 4 конкурс ұйымдастырылды, жалпы қамту шамамен 13 мыңнан астам адамды құрады.
Жоғары сынып оқушылары үшін «Закладка», «Закладчики. Расплата» және«Иллюзия свободы» атты профилактикалық фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылып, оларды шамамен 16 мың оқушы тамашалады.
Сонымен қатар, тергеу барысында 5 қылмыстық іс аясында жалпы сомасы 65,5 млн теңгені құрайтын 2 мың банктік шот пен 34 мың шетелдік карта бұғатталды.
Сондай-ақ «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткі құралдарын жарнамалау және сатумен айналысқан 260 Telegram-арнасы мен интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Осыған дейін Қазақстанда былтыр 12 тоннадан астам есірткі тәркіленгені туралы жаздық.