Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Ақтөбе облысында көгалдандыру жұмыстарын толыққанды іске асыру мақсатында климаттық жағдайға төзімді және шөлге шыдамды ағаштар мен бұталарды отырғызуға басымдық беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірдің он екі ауданында шағын орман тәлімбақтарын ұйымдастыру, осы жерде өскен көшеттерді елдімекендердің айналасына жерсіндіру жұмыстары ерте көктемнен бастап қолға алынбақшы. Сондай-ақ «ҚазАвтожол» АҚ мен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы өңірлік филиалдарының қызметкерлері автокөлік және теміржол бойындағы орман белдерулерін қалпына келтіруді бастайды, деп хабарлайды.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтың хабарлауынша, 2021-2025 жылдар аралығында облыс аумағында 500 мың көшет отырғызылған. Өңірдегі орман шаруашылығы мекемелері мамандары тәлімбақта көбейген көшеттерді көктемде және күзде жерсіндірумен айналысады.
«Былтыр табиғат қорғаушылармен бірлесе жасыл желектерді түгендеу жұмыстары жүргізілді. Қолдан егілген тал-теректердің жерсіну деңгейі шамамен 60-70 %-ды құрайды. Осыған байланысты тамшылатып суару жүйесін кеңінен қолдану және аптап ыстықта шөлге төзімді түрлерін отырғызу маңызды. Отырғызылған жасыл желектің күтімі үшін осы екі мәселеге назар аударамыз», дейді Исатай Еспағанбетов.
Биыл Ақтөбе қаласында 15 гектар, ал әр аудан орталғында 1 гектардан жасыл аймақ белдеуін құру жоспарға енгізілді. Жаз бойы жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарына волонтерлік топтар, «Таза Қазақстан» акциясының қатысушылары, орман шаруашылығы мекемелеріне өндірістік тәжірибеден өтуге келген студенттер жұмылдырылады.