Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АЛМАТЫ, 23 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысында "Kazenergy" жеке кәсіпкерлігінің басшысы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Тергеу мәліметінше, сотталған адам аумағы 10 мың шаршы метр өндірістік базада қауіпті қалдықтарды заңсыз өңдеуді және пеш отынын өндіруді ұйымдастырған.
"Шикізат ретінде пайдаланылған майлар, мұнай шламдары және құрамында мұнайы бар басқа да қалдықтар қолданылған. Олар нафтамен араластырылып, айналым әдісімен өңделген", - деп жазылған хабарламада.
Кәсіпкердің қауіпті қалдықтарды өңдеуге, залалсыздандыруға және кәдеге жаратуға қажетті лицензиясы мен экологиялық рұқсаты болмаған.
Нәтижесінде 11 миллион литрден астам пеш отыны сатылып, қылмыстық жолмен 778 миллион теңге табыс алынған. Оның мүлкі, атап айтқанда өндірістік нысаны, автокөліктері және банк шоттарындағы қаражаты тәркіленді.
Агенттік мәліметінше, өндірілген пеш отыны ұлттық сапа стандарттарына сәйкес келмеген және құрамында зиянды химиялық заттар болған.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.