Ақтөбе облысындағы 35 елді мекенде ішімдік мүлде сатылмайды

10.12.2025

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ауыл дүкендерінен арақ-шарап, сыра таппайсыз. Сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлер айрандай ұйыған елге спирт өнімдерін тасымалдаудан бас тартқан.

Нәтижесінде қылмыс азайды. Кейінгі жылдары тіптен құқықбұзушылық тіркелмеген ауылдар бар. 

Тасқынбай Оразов Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылында туып-өскен. Зиянды әдетке жаны қас ақсақал кәсіпкерлерге арақ саудасын доғаруды ұсынғандардың бірі. Әлия Молдағұловадай батырдың туған өлкесі ішімдіктен ада болған абзал дейді.

Тасқынбай Оразов, Бұлақ ауылы тұрғыны:

- Ауылдың барлық ақсақалдары жиналып осындай шешімге келдік. Қазір бізде ешқандай арақ, сыра сатпайды. Керемет болып тұр. Тәртіп түзелді. Бір-біріне сыйластық, адамгершілік артты. 

Төскейде төрт-түлік бағып отырған ауылда 40-қа жуық түтін бар. Негізгі мектеп пен мәдениет үйі, дәрігерлік пункт, Әлия Молдағұлованың мұражай-үйі жұмыс істеп тұр. Туристтер де жиі тоқтайды. Қонақтар мен жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылда белсенді азаматтар тобы құрылған. Олар тәртіп сақшыларына қолқабыс етіп келеді.

Еркін Дабысов, Қобда ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы:

- Осы Асар тобында мал ұстайтын шаруа қожалықтарының азматтары, ауыл тұрғындары бар. Барлығы бірлесіп, менімен бірге күнделікті түнгі кезекшілікке шығып тұрамыз. Малдары жоғалғанын көріп отырады. Соны іздестіруге бір біріне атсалысып отырады. Соңғы бес жылдықта ешқандай қылмыс тіркелмегені осы тұрғындардың, азаматтардың арқасы деп ойлаймын.

Бұлақ ауылдық округіне қарасты Әлия ауылындағы дүкендердің де басым көпшілігінде ішімдік сатылмайды. Кәсіп иелері пайдасынан зияны көп дүниеден біртіндеп бас тартып келеді.

Райса Жантекина, кәсіпкер:

- Дүкенді ашқалы он жыл болды. Он жылдан бері азық-түлік дүкен деп аштық. Арақ сатпаймыз, темекі сатпаймыз. Арақ сатпайтын себеп –  ішкен адамдар тыным бермейді. Ішімдік жүрген жерде береке жоқ. 

Полицейлер: «Алкоголь өнімдері сатылмайтын елді мекендерде қылмыс та азайды», - дейді. Дүкенінде арақ-шарабы жоқ 20-ға жуық ауылда соңғы бес жылда ешқандай құқықбұзушылық дерегі тіркелмеген. Бұл қатарға биыл Қарғалы ауданының Ақжар ауылы да қосылды. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью