Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ақтөбе қаласында пайдаланылмай жатқан 1,9 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, аталған жер телімі «көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін» нысаналы мақсатпен берілген. Алайда ұзақ уақыт бойы игерілмей бос жатқан.
Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында заңбұзушылық анықталған. Жер иесіне учаскені игеру туралы нұсқама берілгенімен, ол талап орындалмаған.
Осыған байланысты жер иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейін департамент сотқа жер телімін мәжбүрлі түрде алып қою туралы талап-арыз берген.
Нәтижесінде Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты департаменттің талап-арызын толық қанағаттандырып, жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Министрлік жер иелері мен пайдаланушыларды өздеріне тиесілі учаскелерді нысаналы мақсатына сай әрі тиімді пайдаланып, заң талаптарын сақтауға шақырды.