Ақтөбеде экономикалық тергеу департаментінің екі қызметкері сот алдында жауап беріп жатыр

09.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Іс Ақтөбе облыстық қылмыс істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түсті. Бүгін басты сот талқылауы басталды. Прокурор Ильдар Әбиев айыптау актісін оқыды. Айыптау актісіне сүйенсек, былтыр көктемде Ақтөбеде «Ел қуаты» тұтынушы кооперативінің басшысы Ерлан Бокушевке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол Қылмыстық кодекстің «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы бойынша күдікке ілігіп, тергеу жүреді. Сол кезде отбасына тиесілі екі көлік тәркіленеді. Алайда Ақтөбеде бұл іс бойынша арызданушы, жәбірленуші болмады. Соған қарамастан тергеу жұмысын жүргізген Е. Махамбетов қайта-қайта жауап алып, тіпті қылмыстық іс бойынша қандай жаза қарастырылғанын қоса ескертеді.

Сол кезде кәсіпкер Е.Бокушев өз ағасының досы Д. Саринге өтініш жасайды. Ақтөбе экономикалық тергеу департаменті екінші жедел басқармасы бастығының орынбасары Е.Сарин тергеуші Е.Махамбетов хабарласады. Алайда қандай да бір өтініш айтпайды, тек істің тергеуге түскенін біледі.

— Махамбетов Бокушев пен оның туыстарының табысын көріп, делдал арқылы келісім жасауды көздейді. Ол ойын іске асыру үшін Саринді пайдалануды ойлайды. Кабинетіндегі тергеу жұмыстары кезінде қорғаушылардың жоқ екенін пайдаланып, істі қысқарту үшін пара беру жайын айтады. Параның сомасын қағазға жазады. Кейін Бокушев қорғаушысымен бірге тағы да тергеуге барады. Сол кезде Махамбетов қорғаушысыз сөйлесуді ұсынады. Бірақ Бокушев келіспейді. Сөйтіп қайта-қайта тергеуге шақырып, моральдық тұрғыда қысым көрсете бастайды. Бірде тергеуге ұлы Е. Бокушевті шақырып, жанында екеуінен басқа ешкім болмағанын пайдаланып, Ерлан Бокушевке хабарласады. 50 млн теңге тауып, Сарин арқылы беруді талап етеді. Екі көлікті беріп, істі қылмыстық құрам болмаған соң тоқтатуға келіседі, — деді мемлекеттік айыптаушы.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Е.Бокушев ҰҚКД барып, болған мән-жайды айтады. Алдын ала келісім бойынша өңделген 90 500 долларға өзінің 1 600 доллар ақшасын қосып, Ақтөбе облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің алдына көлікпен келеді. Бокушев барлығы 92 100 долларды Саринге беріп жатқан жерінен арнайы қызмет тінту жүргізді. Прокурордың айтуынша, ғимарат ішінде болған аға тергеуші Е.Махамбетов мұның бәрін терезеден қарап тұрған.

Айыптау актісіне сүйенсек, Е.Махамбетовке Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігі, ал Д. Саринге 368-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.

Сот отырысында Дәулет Сарин өзіне тағылған айыпты мойындады, сотқа дейінгі тергеуде берген жауабын мақұлдады. Ал сотталушы Е.Махамбетов тағылған айыпты мойындамайтынын, айыптау актісінің бәрі өтірік екенін жеткізді. Қорғаушылары Е.Бокушевті жәбірленуші қатарынан алып тастауды сұрады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде авиажөндеу зауытының экс-басшысы сотталды. Ол зауытқа келтірген материалдық шығынды өтеуі тиіс. 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью