Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Ақтөбеде экс-депутаттар мен әкімдіктің бұрынғы қызметкері сотталды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Ақтөбе қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражаты жымқырылған. Қылмыстық схеманы Мұғалжар аудандық прокуратурасы анықтап, істі Ақтөбе қаласының №2 соты қарады.
Сот алдында жауап бергендер қатарында аудандық мәслихаттың бұрынғы екі депутаты және сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының бұрынғы міндетін атқарушы шенеунік бар.
Анықталғандай, экс-депутат жалған құжаттар дайындауды ұйымдастырып, алдын ала сөз байласу арқылы бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған. Ол жатақхананы тұрғын үйге айналдырып, әкімдіктің бұрынғы қызметкерінің көмегімен талаптарға сай келмейтін нысанды мемлекеттік сатып алуға қатыстырып, жеңімпаз етті", - дейді сотта.
Салдарынан мемлекет тарапынан 70 пәтер үшін 672 млн теңге төленген.
Алайда сотталушылар кінәларын мойындамады, керісінше соттан өздерін ақтауды сұрады.
Сот үкімімен экс-депутаттың бірі 6 жылға, екіншісі 6 жыл 6 айға және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды және әкімдіктің бұрынғы қызметкеріне 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.