Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар спортшыларға арналған спорт кешені пайдалануға берілді

22.01.2026

Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Спорт нысаны Мемлекет басшысының қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыру және ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен тұрақты түрде шұғылдану мүмкіндігін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың бір бөлігі.

Фото: ҚР ТСМ Спорт комитеті

Спорт кешенінің ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, сондай-ақ сала өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен спортшылар қатысты.

Кешеннің жалпы аумағы 4 855 шаршы метр. Ашық спорт алаңдарын қоса алғанда, нысан күніне 500 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда халықаралық талаптарға сай қолжетімді орта қалыптасқан. Ғимаратта жүзу бассейні, әмбебап және күрес залдары, жаттығу бөлмелері, үстел теннисі залы, ашық спорт алаңдары, сондай-ақ 200 орындық көрермендер трибунасы бар. Кешен 20-дан астам спорт түрін дамытуға жағдай жасайды.

Фото: ҚР ТСМ Спорт комитеті

Паралимпиялық бағыттар қатарында пара жеңіл атлетика, пара жүзу, волейболды отырып ойнау, пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, парадзюдо, пара нысана көздеу, арбадағы теннис, голбол, бочча және паратаеквондо спорты бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі дамы келеді, жыл сайын 800-ден астам жарыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар отандық спортшылар жылына 80-нен астам халықаралық турнирге қатысады. Былтыр Астанада алғаш рет Азия Паралимпиада комитетінің конференциясы өтті. Бұл елімізде параспорт қозғалысының белсенді дамып келе жатқанын айқын көрінісі.

Фото: ҚР ТСМ Спорт комитеті

Сурдлимпиадалық спорт түрлеріне футзал, күрес, дзюдо, бадминтон, шахмат, үстел теннисі, жүзу, таэквондо және өзге бағыттар енген. Сонымен қатар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, армрестлинг сияқты спорт түрлерімен айналысуға да жағдай жасалған. Елімізде 13 сурдлимпиялық спорт түрі дамытылып, сурдлимпиялық қозғалысты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мысалы, 2024 жылы Түркістанда 21 ел қатысқан, 2025 жылы Астанада 10 ел қатысқан U-21 футзал бойынша әлем чемпионаты ұйымдастырылды. 2025 жылы Қазақстан құрамасы Токиодағы Сурдлимпиадаға қатысуға және 21 оқу-жаттығу жиынын өткізуге 513 млн теңге бөлінді. Отандық спортшылар 25 медаль (8 алтын, 4 күміс және 13 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте 9-орынға табан тіреді. Жүлдегерлерге 5,5 млрд теңге төленеді.

Фото: ҚР ТСМ Спорт комитеті

-Былтыр қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға сәйкес алғаш рет «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы енгізілді. Бұл жаңа норма бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыларға спорттық іс-шараларға қатысу кезінде қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Жетісу облысында 80-нен астам ойын және спорт алаңы салынып, жөнделіп жатқаны туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью